Еуропалық Одақ АҚШ-тан табиғи газ импортын ұлғайтатын болды. Бұл туралы Энергетика жөніндегі еврокомисссар Мигель Ариас Каньете мәлімдеді.
Былтыр шілдеде Еурокомиссия басшысы Жан-Клод Юнкер президент Дональд Трамппен кездесіп, екіжақты сауда қатынасын талқылаған. Басқосуда Еуроодақ АҚШ-тан табиғи газды ұлғайтуға, ал Уашингтон еуропалық көліктерге баж салығын енгізбеуге келіскен болатын.
Енді Америкадан жеткізілетін табиғи газдың көлемі жылына 8 миллиард текше метрге дейін өседі. Бұл өткен жылмен салыстырғанда екі есе көп. Дегенмен, Мигель Ариас Еуроодақ үшін табиғи газды тасымалдауды әртараптандыру маңызды екенін атап өтті.
Қос тарап байланысына қатысты Еуроодақтың сауда бойынша комиссары Сесилия Мальстрем: «Экономикалық талдау өндірістік тауарларға баж салықтарын азайту келісімі Еуропалық Одақтан АҚШ-қа экспорт мөлшерінің 8% артуына, ал АҚШ-тан одаққа экспорттың 9% өсуіне әкелетінін көрсетті. Ауыл шаруашылығы мұндай келісөздерде талқыға салынбайды», – деп мәлімдеді.
Соңғы уақытта Еуропалық Одақ пен АҚШ арасындағы экономикалық байланыс нығая түскен. Франция Одақ пен Құрама штаттарының байланысына қарсы болғандықтан, АҚШ тарапы сауда келіссөздерін бірнеше айға шегерген. 17 сәуірде өткен басқосуда да екі тараптың сауда келіссөзіне қатысты Франция қарсы дауыс беріп, Бельгия қалыс қалғанымен, Еурокомиссия келісімді бекітті. Бұл өндірістік тауарлар тарифтерін азайту және қос тарап өндірушілерінің стандарттарын үйлестіру мақсатында қолға алынбақ.