Пәкістан басшысы жексенбіде жасаған мәлімдемесінде, Ауғанстанның бейбітшілігі тек қана Пәкістан үшін ғана маңызды емес екенін, Қытайдың «Бір белдеу, бір жол» бағдарламасы бойынша Орта Азия елдермен экономикалық байланысын нығайтуының басты шарты болатынын ескертті.

Ирман Хан сөзінде Ауғанстанның бейбітшілігі Қытайдың «Бір белдеу, бір жол» бағдарламасының маңызды кепілі екенін, Орталық Азия елдеріне табыс әкелетін жоба үшін Ауғанстандағы бейбітшіліктің маңызды екенін атап көрсеткен.

Пәкістан үкіметінің басшысы АҚШ пен өзге де тараптардан Ауғанстандағы бейбітшілік келіссөздерін алға жылжытуды тағы бір рет талап еткен. «40 жылдық соғыстан кейін Ауғанстан халқына бейбітшілік керек. Ауғанстанда бейбітшіліктің орнауы Ауғанстан мен Пәкістан ғана емес, Қытайдың «Бір белдеу, бір жол» бағдарламасының жүзеге асуына және Орта Азия елдерінің табыс табуына алғы шарт болып саналады», – деген.

Премьер-министр  Ирман Хан Пәкістан мен Орталық Азия елдері арасында қарым-қатынасты дамыту үшін де, ең әуелі Ауғанстанда орнықтылықтың болуы аса маңызды екенін атап көрсеткен.

Құрама Штаттар Ауғанстанның ішкі диалогын қалыптастыруға барынша күш салуын үміт еткен Ирман Хан Пәкістан үкіметі де Ауғанстан бейбітшілігі үшін бар күшін салатынын жеткізген.

Қазіргі кезде, Қытай мен Пәкістан миллиардтаған инвестициялық қаржы салынған Қытай-Пәкістан экономикалық дәлізін Ауғанстанға қарай кеңейтуді жоспарлауда. Бұл жоспар да Қытайдың аталмыш ауқымды жобасының бір парасы болып саналады. Дегенмен, Қытай үкіметі Ауғанстан жағдайынан алаңдайды. Осыдан бұрын «Ислам мемлекеті» террорлық ұйымы Ауғанстанға шегінгенде Қытай солтүстік-батыс шекарасындағы Шынжаңда үлкен саяси науқан жүргізіп, жүз мыңдаған адамды саяси лагерлерге қамаған болатын.

“The Qazaq Times”