«Келіссөзге Майк Помпео қатыспасын». Бұндай мәлімдемені Солтүстік Кореяның Сыртқы істер министрлігі жасады. КХДР тарабы ядролық қарудан бас тарту туралы келіссөздерге АҚШ мемлекеттік хытшысы Майк Помпеоның қатысуын қаламайды. Мәлімдемеде, Помпеоның келіссөздерде «шектен тыс талаптар қойып», «ақылсыз» мәміле жасайтынын айтқан.
Помпео Солтүстік Кореяға не үшін ұнамай қалды?
Майк Помпео президент Трамптың сенімді серігінің бірі, әрі сыртқы саясатта тісқаққан саясаткер. Бұрын Орталық барлау агенттігін (CIA) де басқарған, Тиллерсон мен Трамптың арасы бүлінгеннен кейін АҚШ мемлекеттік хатшысы лауазымына келген. Ол және ұзақ жылдардан кейін Солтүстік Кореяға ресми сапар жасаған алғашқы америкалық лауазым ретінде де белгілі. Бірнеше мәрте Пиоңяңда болып, Трамптан бұрын Ким Жоң Унмен де кездескен.
Осыдан бір апта бұрын Сенаттағы комитет өкілдері АҚШ мемлекеттік хатшысына сұрау жолдап, КХДР ең жоғары басшысы Ким Жоң Унды «Тиран» деп атауға болатын, болмайтынын сұраған. Помпео бұған берген жауабында: «Әлбетте, мен бұған дейін де оны «Тиран» деп атап келгем», – деген еді. Пиоңяң лауазымдылары Помпеоның бұл сөзіне көбірек шүйлікті. Оған қоса, АҚШ мемлекеттік хатшысын Вьетнамдағы келіссөзге кедергі келтірді деп сынға алған.
Солтүстік Корея СІМ тарабының мәлімдемесінде: «АҚШ-пен келіссөздер жалғасатын болса, диалогқа Майк Помпео мырза емес, әдепті мәміле жасайтын және коммуникация жағынан жетілген адамның дайындалғаны дұрыс деп санаймыз», – делінген.
Айта кетейік, осыдан бір күн бұрын Солтүстік Корея «қуатты оқтұмсық орнатылған, алыстан басқарылатын тактикалық қаруды» сәтті сынағанын жариялаған болатын. Бұл Пиоңяңның екінші Трамп-Ким саммитінен кейінгі алғаш рет зымыран сынағын өткізуі. Сондай-ақ, сынақ АҚШ-Оңтүстік Корея арасындағы біріккен әскери оқу-жаттығудан кейін жасалған, Ал, бүгін КХДР АҚШ-қа Майк Помпео қатысатын келіссөздер нәтижесіз аяқталатынын ескертіп отыр.