Қытай компаниясы Өзбекстан президентінен көмек сұрады.
Қытайдың «China Petroleum Technology & Development Corporation» (CPTDC) мемлекеттік компаниясы Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиеевтан көмек сұрады. Олардың бұндай қадамға баруына «Өзбекмұнайгаз» компаниясының ұзақ жылдар бойы 16 миллион доллар берешегін қайтармауы себеп болған.
«Біздің қарызды қайтаруды сұрап жіберген талаптарымыздың барлығына «берешек қаржы тапшылығына байланысты қайтарылмай жатыр» деген жауап келді. Бұл жауаптың 10 жылдан бері жалғасып келе жатқандығын ескеріп, біз Өзбекстан Республикасының президенті Шавкат Мирзиеевтан көмек сұрауға мәжбүр болдық» - делінген CPTDC компаниясы таратқан мәлімдемеде.
«Өзбекмұнайгаз» компаниясы мен CPTDC 2017 жылдың желтоқсанында қарызды 2018 жылдың қазанына дейін қайтаруға байланысты келісімге келген. Бірақ осы уақытқа дейін Өзбекстан тарапы қытайлық компанияға 100 мың доллар ғана қайтарған.