Жанат Құрманов «БЖЗҚ» АҚ Басқарма төрағасы болып тағайындалды.
«БЖЗҚ» АҚ Директорлар кеңесінің шешімімен Құрманов Жанат Бостанұлы «БЖЗҚ» АҚ Басқарма төрағасы болып тағайындалды.
Ол 1962 жылы 22 ақпанда Қарағанды қаласында туған. 1985 жылы С. М. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетін физика мамандығы бойынша бітірген. 1996 жылы Мәскеу экономика, менеджмент және құқық институтын экономика мамандығы бойынша тәмамдады (мамандану – банк ісі). 2017 жылы Оксфорд университетін бітірген. Бизнес мектебі бағдарламасы бойынша диплом қорғаған.
Өзінің еңбек жолын Ж. Б. Құрманов 1985 жылы ҚазССР Ғылым академиясы Ядролық физика институтында инженер болып бастады. 1996 жылы физика-математика ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесіне ие болды. 1996 жылдан бері Қазақстан Республикасының қаржы нарығында жұмыс істеп келеді.
1999 жылдың желтоқсаны мен 2002 жылдың маусымына дейінгі кезеңде Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Сақтандыруды қадағалау және Банктерді және сақтандыруды қадағалау департаменттерінде басшылық лауазымын атқарды.
2002 жылдың тамызы мен 2007 жылдың ақпаны аралығында «ГНПФ» Жинақтаушы зейнетақы қоры» АҚ Бас директоры, Бас директорының орынбасары болып қызмет істеді.
2007 жылдан 2016 жылдың қаңтарына дейін банк пен сақтандыру секторында, сондай-ақ бағалы қағаздар нарығында бірқатар қаржы және инфрақұрылымдық ұйымдардың директорлар кеңестерінің мүшесі болды. 2012 жылдың мамырынан «Қазақстан қор биржасы» АҚ Директорлар кеңесінің төрағасы.
2016 жылдың ақпаны мен 2017 жылдың қыркүйегі аралығында Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Сақтандыруды қадағалау департаментін, Банктік емес қаржы ұйымдарын реттеу департаментін басқарды.
2017 жылдың қыркүйегінен 2019 жылдың наурызына дейін Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі төрағасының орынбасары қызметін атқарды.