Өткен аптаның соңында Батыстың ықпалды басылымдарының назары екі тақырыпқа көбірек тоқталды. Бірі Орталық Азиядағы саяси өзгерістер, екіншісі Сүрияда территориясы жойылған, бірақ армиясы бар «Ислам мемлекеті» күштері.  Бұл екі тақырып Батыс елдерін авторитаризм мен терроризмнің болашағы турасында ойландырмай қоймайды.

Батыстағы танымал басылымдарының бірі Financial Times Назарбаевтың өз өкілеттілігін тоқтатуы және бас қала атының өзгертілуін талқылаған. «Назарбаев отставкаға кеткенімен биліктен алыс кеткен жоқ», – деп жазған Financial Times. Сондай-ақ, 79 жастағы лидердің Қауіпсіздік кеңесін басқарып, өмір бойы ұлт көшбасшысы болып қала беретінін, ал оның потенциалды мұрагері ретінде Дариға Назарбаеваның дайындалғанын жазған. Дегенмен аталған басылым, осыншама өзгерістерге қарамастан, «Назарбаев дәуірі» аяқталып келе жатыр деп есептейді.

Бірақ, батыстық басылымдардың бірқатары пост-кеңестік республиканың авторитарлық династиядан көрі, демократиялық елге айналуға бейім деп үміт артады. Соның өзінде, Кеңес одағы құлағаннан кейін елде Назарбаев өз билігін орнатқанын, мемлекеттік институттар мен сайлауды билік өз бақылауында ұстағанын, негізгі активтерде Назарбаев пен оған жақын адамдар иелік ететінін ашық жазған. Бұған қоса елде тереңдеп кеткен коррупция мен адам құқығының бұзылуы сынды күрделі мәселелердің бар екенін сынға алған. Бұған үкіметті сынға алған азаматтарға ойдан шығарылған қылмыстар тағылып, митингілер күшпен таратылатынын мысалға алады. Дегенмен, Financial Times басылымы Назарбаевты өзге орта азиялық лидерлерге қарағанда айырмашылығы зор деп бағалаған.

BBC болса: «Назарбаев – өте ақылды автократ. Ол мемлекетті құрып, Қытай мен Ресейдің ортасында тұрған, бір жағынан Еуропаға шектесетін елді қол астына ұстап тұрды. Тәжікстандағыдай азаматтық соғысқа жол бермеді немесе Өзбекстан мен Түркіменстанға ұқсас бүтіндей жеке басқа табындыру саясатын жүргізбеді», – деп бағалайды. BBC сондай-ақ, Назарбаевтың нарықтық экономиканы түзіп, елге инвесторларды бастап келгенін, 2017 жылы елге тартылған инвестиция көлемінің 147 млрд АҚШ долларын құрағанын айтыпты.

Бірақ, әрине ешкім де мәңгілік емес. Өзінен кейін кімнің президент болуы Назарбаевты да көбірек ойландырғаны сөзсіз. Әсіресе, 2016 жылы Каримовтың қаза болуы оның билікті тыныш күйде басқа біреуге өткеріп беру туралы пландарын тездеткен болуы мүмкін дейді батыстық БАҚ. Алайда, ұзақ уақыттан бері жоспарланған план болмаған күнде де, Дариға Назарбаеваның Сенат басына келуі – оны өзінің мұрагері ретінде көргісі келетінін аңғартады деп қарайды.

Financial Times болса пост-кеңестік мемлекеттерді екі лагерге бөледі. Айталық, Грузия, Украина, Қырғызстан және Армения қатарлы елдер революция арқылы демократиялық жолға түсуге ұмтылған бір лагер ретінде есептейді. Ал Қазақстанды екінші лагердегі елдердің қатарына қосады. Бұл қатарда Әзірбайжан мен Беларусьті мысал етеді. Илхам Алиевтің билікті Гейдар Алиевтен мұраға алған болса, Лукашенко өзінің ұлын мұрагер ретінде дайындап отырғанын алға тартқан.

Қазақстандық саясаттың болашағы туралы сөз еткенде, аталған басылымдар, егер қазақ билігі де династиялық жолға бет алатын болса, онда кландық капитализмге батып, демократиядан ауылы алшақтай түсу қаупінің бар екенін ескертеді. Ал керісінше, Назарбаев немесе оның мұрагері ашық жүйе құрып, әділ сайлау арқылы биліктің алмасуын қамтамасыз етсе, онда оның «Ұлт көшбасшысы», «Елбасы» атақтары лайықты берілген болып саналады, әрі осыдан кейін ғана бас қаланың атын өзгерту туралы ойланса орынды болады деп қарайды.

“The Qazaq Times”