Қазақстан мен Германия әскери ынтымақтастық орнатты. Бұл туралы ҚР Қорғаныс министрлігінің ресми сайты жариялады.

Қорғаныс министрлігінің Халықаралық ынтымақтастық департаментінің бастығы Олжас Хусаинов бастаған әскери делегация Берлин қаласында келіссөздер өткізді. Қос тарап Қазақстан мен Германияның қорғаныс ведомстволары арасындағы 2019 жылғы Әскери ынтымақтастық жоспары және әскери білім беру саласындағы мәселелер талқылаған.

Келіссөз қорытындысы бойынша, Германия Қарулы Күштерінің әскери қимылдарды модельдеу және әскери медицина саласында цифрлық мониторинг жүйесін пайдалануды үйрену мақсатында арнайы жасақ бөлімшелері арасында тәжірибе алмасу туралы келісімдерге қол қойылды. Сонымен қатар, екі еледің верификациялық орталықтары арасындағы өзара ықпалдастық және бітімгерлік қызмет мәселелері қаралды.

Айта кетейік, Германия Қазақстанның ең ірі үш сауда әріптесінің қатарына кіреді. 2017 жылы шілдеде Қазақстан мен Германия іскерлік кеңесінің отырысында құны 872 млн еуроға бағаланатын 21 келісімге қол қойылды.

"The Qazaq Times"