Ресей президенті Владимир Путин зымыран келісімін орындауды тоқтату туралы жарлыққа қол қойды. Бұл туралы promdevelop хабарлады.
Жарлықта Құрама Штаттарының келісімді орындамай келгендігі айтылады. Алайда, АҚШ президенті Дональд Трамп: «Қазіргі уақытта мұндай келісімге отырмаған өзге елдер әскери зымыран жүйесін жасақтап, қалағанынша қолданып отыр. Сол себепті Америка мен Ресей арасындағы екіжақты келісімде еш мән қалған жоқ. Шарт жасамаған Қытай, Солтүстік Корея, Иран сияқты басқа да мемлекеттер ойына келгенді істеп отыр. Егер бұл келісімге Қытай да енсе, жұмыстардың басым бөлігі ядролық келісімге қайшы келер еді», – деп мәлімдеген.
1987 жылы АҚШ президенті Рональд Рейган мен КСРО басшысы Михаил Горбачев екі ел арасындағы зымыран келісіміне қол қойған болатын. Келісім бойынша, қос тарапқа 500 және 5,5 мың шақырым қашықтыққа ұшатын баллистикалық зымырандарды жасауға тыйым салынған. Мәскеу де, Уашингтон да осы уақытқа дейін бір-бірін зымыран келісімін бұзды деп бірнеше рет айыптады. Аталған мәселеге орай НАТО бас хатшысы Йенс Столтенберг АҚШ-тың Ресеймен арадағы зымыран келісімінен шығуына қатысты пікір білдірген болатын. Ол онда: «Ресей зымыран келісіміндегі өзіне жүктелген міндеттерді орындамай отыр. Ал АҚШ керсінше, келісім негізінде жұмыс істеуде. Бірақ келісім орындалу үшін бұл жеткіліксіз. НАТО жаңа қарулану жарысы болғанын қаламайды. Альянс мүшелері алдағы уақытта АҚШ-тың келісімнен шығу шешімін талқылайтын болады», – деп мәлімдеді.