СІМ Венесуэла президенті Николас Мадуроның қаржысын басқарды деген қазақстандыққа байланысты мәлімдеме жасады.

Парламент мәжілісінде өткен үкімет отырысынан кейін журналистер алдында сөз сөйлеген сыртқы істер вице-министрі Ержан Ашықбаев Нколас Мадуроның қаржысын басқарды делінген Нұрлан Байділдәға қатысты пікір білдірді.

«Біз бұндай адамның бар екендігін білеміз және осыған байланысты жұмыстар жүріп жатыр. Біз «Bloomberg» басылымында жарық көрген ақпараттардың барлығы дұрыс деп айта алмаймыз» - деді Ашықбаев.

Ашықбаевтың сөзінше, Нұрлан Байділдәнің қос азаматтығы болуы мүмкін.

Осы тұста айта кететін бір жайт, Ресейде заң бойынша қос азаматтық алуға рұқсат берілген. Бірақ Қазақстанда бұған рұқсат жоқ.

Естеріңізге салайық, бұған дейін «Bloomberg» басылымы «Венесуэла президенті Николас Мадуро миллиондаған доллар мемлекет қаржысын «Nurlan Baidilda Ltd» қорының басқаруындағы есеп шоттарда сақтауда. Оны Қазақстаннан шыққан азамат басқаруда» - деген ақпарат тараған.

 "The Qazaq Times"