АҚШ пен Оңтүстік Корея бірлескен әскери жаттығуларды тоқтатады.

АҚШ Қорғаныс министрлігінің мәлімдеуінше, әскери жаттығулар екі елдің келісіміне сай тоқтатылады. Бұл қадам арқылы ресми Уашингтон мен Сеул Корей түбегіндегі қақтығыстардың алдын алмақ.

Құрама Штат пен Оңтүстік Корея бірлескен әскери жаттығуларды жылына екі рет Корей түбегінде өткізіп келген. Түбекте шиеленістердің артуына байланысты, Пхеньян тарапы бірнеше рет наразылық білдірген болатын. Себебі, Корей түбегінде әскери жаттығу өткізетін елдер арасында келіспеушіліктер жиі орын алғандықтан, қос Корея соғыс режиміне өтуі мүмкін деген күдік ұялады. Бірақ, Оңтүстік Корея президенті Мүн Жа-Ин жергілікті арналарға сұхбат беріп: «Оңтүстік Кореяның бір ниет, бір тілекте күш жұмылдыру ұстанымы, Корей түбегі дағдарысының соғысқа ұласпауының негізгі кепілі. Біз соғыс тудырмауға тырысамыз. Егер тағы бір мәрте соғыс туатын болса барлығы күлге айналады. Корей түбегінің әскери іс-қимылына тек Оңтүстік Корея шешім қабылдай алады. Егер Оңтүстік Корея келіспесе, басқа ешбір тарап Корей түбегінде соғыс бастамайды», – деп кесімді жауап қайтарған.

Бүгінгі күнге дейін аймақтағы елдер ғана емес, әлем елдері де Корей түбегінде тууы мүмкін ядролық соғысқа алаңдап келген болатын. Дегенмен, қазіргі әр тараптың қадамдары бұл қауіптің ауылын біршама алыстатты. Оңтүстік Корея басшысы корейлердің тағдырына қауіп тудыратын қадамға бармайтынын атап өтті.

"The Qazaq Times"