АҚШ әскери ұшақтары Венесуэлаға көмек көрсетуге қатыспақ. Ақпарат құралдарының айтуынша, бұл Мадуроның социалистік режимін әлсіретуге өз әсерін тигізбек.

АҚШ әскерлерінің тікелей қатысуы өткен жұма күні басталды. Associated Press-тің хабарына қарағанда Флорида штатындағы Хомстед Әуе күштерінің резервтік қорынан 180 тонна жүк тиелген үш бірдей С-17 әскери-тасымал ұшағы аттанған. Бұл ұшақтар Колумбияның Венесуэламен шекаралас Кукута қаласына қонған. Бұған дейін Венесуэлаға жеткізілетін көмекті сол елдегі коммерциялық ұшақтар жүзеге асырып келген.

Кукута қаласы Колумбиядағы гуманитарлық көмектерді жинау орталығы қызметін атқарып тұр. Өзін уақытша үкімет басшысы ретінде жариялаған Хуан Гуайдо халықаралық гуманитарлық көмекті Кукута қаласы арқылы таратып беріп келеді. Бірақ, оппозиция тарабы Венесуэланың шекара қызметінің гуманитарлық көмектердің шекарадан кіруіне кедергі жасап отырғанын айтады.

Венесуэла президенті Николас Мадуро АҚШ бастаған елдердің гуманитарлық көмегі керек емес екенін айтып мәлімдеме жасаған. Сонымен бірге елдегі экономикалық дағдарыстың басты себебі АҚШ-тың Венесуэлаға қаратқан «қастандық саясатының» нәтижесі екенін айтқан.

“The Qazaq Times”