АҚШ пен Ресейдің Ауғанстандағы арнайы өкілдері Түркияда кездеспек. 22 ақпан күні Анкарада өтетін кездесуде Ауғанстандағы бейбітшілік процесі талқыға салынбақ. Бұл туралы "Анадолы" ақпарат агенттігі хабарлады.
АҚШ-тың ауған жеріндегі арнайы өкілі Катардың Доха қаласында Талибан өкілдерімен келіссөз өткізгеннен кейін, Мәскеу тарабы 5 ақпанда тәліптер мен ауғанстандық саясаткерлер арасындағы кездесуді ұйымдастырды. Ресми мәліметтерде бұл келіссөзді Ресейдегі ауған диаспора өкілдері ұйымдастырды делінген.
Ресей мен АҚШ Ауғанстан мәселесі бойынша бір-бірінің әрекеттерін сынға алып келеді. Айталық, Ресейдің Ауғанстандағы өкілі Замир Кабулов сөзінде Трамптың Ауғанстандағы соғысты тоқтату шешіміне қарата: "Трамп ақыры бұл соғысты тоқтату керек екенін түсінді. Бірақ, бұл соғыс туралы баға беруге әлі ерте", – деді.
Мәскеуде өткен келіссөзде тәліптермен сөйлесуге Ауғанстан үкіметінің ресмилері қатыспады. Ауғанстан мәселесін шешуде Ресей мен АҚШ-тың әрекеттерін үйлестіру аса маңызды. Бұл Анкарадағы кездесуде белгілі болмақ.