Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің тапсырысы бойынша «САНДЖ» зерттеу компаниясының мемлекеттік қызметтерді көрсету сапасына жүргізген қоғамдық мониторинг нәтижесінде «Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры салымшысының  зейнетақы жинақтарының жай-күйі туралы ақпарат беру» қызметі үздік бестіктің қатарына енді, деп хабарлайды БжЗқ зейнетақы қорының баспасөз қызметі.

Мемлекеттік қызметтердің көрсетілу сапасына қатысты қоғамдық мониторинг 2018 жылдың тамыз-қазан айлары аралығында өткізілді. Зерттеу барысында Қазақстанның барлық өңірлерінде 10 000 қызмет алушы арасында сауалнама жүргізілген еді. Бұл ретте 60 мемлекеттік қызмет  негізге алынды. Сонымен қатар, «Құпия сатып алушы» әдісі бойынша бақылау жүргізіліп, бірқатар фокус-топтық талқылаулар ұйымдастырылды.

Зерттеу жүргізудегі мақсат – қызмет алушылардың көрсетілетін қызметтердің сапасына қанағаттанушылық деңгейін бағалау. Бұл ретте ақпараттың қолжетімділігі, қызмет көрсету мерзімінің сақталуы, қызмет көрсету деңгейі (сыпайылық, біліктілік, қызметкерлердің шапшаңдығы), құжаттардың дұрыс рәсімделуі, шарттардың ыңғайлылығы ескерілді.

Зерттеу қорытындысы бойынша БЖЗҚ салымшысының (алушысының) зейнетақы жинақтарының жай-күйі туралы ақпарат беру қызметіне баға беру барысы ақпараттың сапасы мен қолжетімділігі, жеделдігі мен құзыреттілігі бойынша жоғары нәтижелер көрсетті: сауалнамаға жауап берушілердің 80,4 пайызы қызметтер бойынша ақпараттың ашықтығына және қолжетімділігіне риза. Бұл ретте жауап берушілердің 82,9 пайызының пікірінше ақпараттар ашық және шынайы. Жауап берушілердің 88,3 пайызының қызметтердің көрсетілу мерзіміне және 92,1 пайызының құжаттардың жиналу және әзірлеу мерзіміне көңілдері толады.

Сауалнамаға қатысушылардың 79,8 пайызы қызмет көрсетушінің мамандарының біліктілігін жоғары бағаласа, 80,7 пайызы үшін қызметкерлердің сыпайылығы, әдептілігі қанағаттанарлық деңгейде болды. Сонымен қатар қызметкерлерінің шапшаңдығын сауалнамаға жауап берушілердің 81,3 пайызы атап өтсе, 80,4  пайызы қызмет көрсетушіге сенеді.

"The Qazaq Times"