Қырғызстан парламентінде Қазақстан мен Өзбекстанға су сату мәселесі талқыланды.
Жоғары Кеңес депутаттары Қырғызстан Республикасының «Су кодексіндегі» «Су туралы» заңына өзгертулер мен толықтырулар енгізу жөніндегі кезекті отырысын өткізді. Отырыста депутаттар Қазақстан мен Өзбекстанға су сату керектігін айтып, «Су туралы заңды» өзгертуді ұсынды.
«22 миллиард метр куб су жыл сайын қырғыз су қоймаларынан Қазақстан мен Өзбекстанға жіберіледі. Бұл қоймаға жиналған судың 80 пайызы. Жақында біз Тоқтағұл су қоймасына жөндеу жұмыстарын жүргізуге 450 миллион доллар бөлуге байланысты мәселені талқыладық. Неге біздің үкімет көршілерімізден су алғаны үшін ақша сұрамайды?» - деді Жоғары Кеңес депутаты Үмбетәлі Қыдырәлиев.
Қырғызстан ауылшаруашылығы, тамақ өнеркәсібі және мелиорация министрінің орынбасары Жаныбек Керімәлиевтің сөзінше, егер парламент ««Су туралы заңға» енгізілген өзгертулер мен толықтыруларды қабылдайтын болса, Қырғызстан көрші мемлекеттерден су үшін қаржы талап етуге мүмкіндік алады.
Керімәлиевтің айтуынша, осыған дейін Қазақстан су алғаны үшін Қырғызстанға жылына 75 миллион теңге (197 474 доллар) төлеп келген. Қазіргі уақытта бұл сомма 119 миллион теңгеге (313 326 долларға) өскен. Бірақ Қазақстан бұл қаржыны су алғаны үшін емес, су қоймаларын жөндеуден өткізу үшін төлеген.
2000 жылдары Қырғызстан парламентінде дәл осы мәселені сол кезде Жоғары Кеңес депутаты болған Турдакун Усубәлиев көтерген болатын. Бірақ, бұл бастамаға сол кездегі Өзбекстан президенті Ислам Кәрімов қарсы шығып, «су жалпыға ортақ трансұлттық меншік» екендігін айтқан.