Әзербайжан ақпарат құралдары және әлемдік БАҚ, Әзербайжан президентінің әйелі Мехрибан Алиеваны өзінің бірінші вице-президенті етіп тағайындағаны туралы ақпарат таратты. Бұл тағайындау елдегі өткен жылдың қыркүйек айында болған референдумға сәйкес, өзгерістер негізінде жасалған.

Әзербайжан былтыр Конституцияға өзгерістер жасап, президенттен кейін елді екі вице-президент басқару жүйесін енгізген болаты. Сонымен қатар президентке Парламентті тарату құқығы да қоса берілген. Және де, президенттің өкілетті мерзімі 5 жылдан 7 жылға ұзартылған болатын. Әзербайжанның өзгеріс енгізген Конституциясына сәйкес кеше, 21 ақпан күні президент Ильхам Алиев өзінен кейінгі бірінші вице-президент ретінде әйелі М. Алиеваны тағайындады. Бұл ақпарат сол күнгі Ұлттық Қауіпсіздік Кеңесінің отырысында жарияланды.

Президент Ильхам Алиев сөзінде: « Алиева көп жылдардан бері саясат ісіне араласып келеді. Елдің әлеуметтік, мәдени өмірінің дамуына көрнекті үлес қосты. Мен бірінші вице-президенттікке М. Алиеваны тағайындау бұйрығына қол қойдым» деп мәлімдеді. Ал, елдің бірінші вице-президенттік лауазымына тағайындалған Алиева болса: « Мен бұл қызметті зор жауапкершілікті сезіне отырып қабылдаймын. Еліміз үшін абыройлы қызмет етемін. Ел азаматтарының сенімінен шығамын» деді. Конституцияда көрсетілгендей, бірінші вице-президент елдегі президенттен кейінгі ең жоғары лауазым болып, президент елде жоқ кезде оның орнына билік жүргізу құқығына ие. Сонымен қатар, 52 жастағы Мехрибан Алиева Әзербайжан Жоғары кеңесінің мүшесі. Әзірге дейін Конституцияда көрсетілгендей, ендігі бір вице-президенттің кім болары белгісіз.

М. Әлиеваның вице-президент болуына Әзербайжан билігіндегі кландар тартысы  мұрындық болды.

Фото: Daily Aabah

Батыс елдерінің саяси институттары мен адам құқын қорғау ұйымдары, Әзербайжан президенті елде авторитаризм орнатты деп сынға алды. Қытай, Франция және өзге де Батыс елдерінің БАҚ өкілдері Әзербайжан оппозициясының пікіріне сілтеме жасай отырып: «Бұл нағыз авторитаризм. Әзербайжан билігі Орта ғасырға қарай шегініп, феодалдық билік жүргізді» деп жазды. Алайда, Баку жақ бұны теріске шығарып, лауазымды тұлғалардың тағайындау мен қалдырулары елдің Атазаңына сәйкес жасалып отырғанын, ал Конституция болса, халық алдында референдумнан өткендігін айтты.

BBC арнасының ресми сайтында, Әзербайжан президентінің әйелін вице-президенттікке тағайындауы туралы сарапшылардың пікірі жарияланды. ТМД саяси сарапшысы Аркадий Дубновтың көзқарасы бойынша, бұл шешім Әзербайжан билігінің дәстүрлі басқару жүйесінің талабы бойынша жасалып отыр екен. Яғни, Ильхам Алиевтің әкесі Геидар Алиев қалыптастырып кеткен билік жүйесін жалғастырушы. Геидар Алиев болса Әзербайжанның алғашқы президенті ретінде, ТМД елдері арасында бірден-бір билігін мұрагерлікпен өткізіп берген президент. Ол қалыптастырған жүйенің ерекшелігі Әзербайжан билігіндегі кландардың орнықтылығын сақтауды негіз етеді. Мехрибан Алиеваның бірінші вице-президенттікке келуі де осы үшін жасалған шара деп түйіндеді Аркадий Дубнов. Ол және Әзербайжан билігіндегі негізгі екі клан – Алиевтың және Башаевтың кланы болып саналады. И. Алиевтың өз әйелін бірінші орынбасары етуі үкіметтегі орнықтылығына кепілдік ету мақсатында жасалды. Оның өзі И. Алиевке қарсылықтарды жеңілдетуге тиімді және Мехрибан Алиева алдынғы президенттің сеніміне ие болған, жүйелі басқару тәжірибесіне ие саясаткер. ТМД сарапшысы болса, Мехрибан басқару қызметіне дайын адам деген бағасын берді.

Ал, осымен қатар жарияланған әзербайжандық саясаттанушы Зардушт Ализаденің пікірі бұдан сәл басқаша. Оның айтысына қарағанда, президент Ильхам әкесі берген билікті жеке меншігі деп қарайды. Референдум, президент сайлаудың бәрі де халықтан тыс өтеді. Халық тек бақылаушы ғана. Олар да таңдау ұқығы жоқ. Шешім қабылдау, атқару механизмдерінің бәрі де биліктегі адамдардың еншісінде. Шын мәнісінде, әзербайжандықтар үшін, референдум кезінде-ақ, Мехрибанның осы лауазымға тағайындалатыны белгілі болған. Зардушт Ализаденің Әзербайжан саяси жүйесі мен билігі туралы берген бағасы бойынша – Әзербайжанда саясат жоқ, саясатпен айналысатын адамдар бар. Заң көрнекті емес, ол тек биліктің қаруы ғана. Саясаттанушы өзінің вице-президент ретінде Мехрибанның тағайындалуына ешқандай таңқалмаған екен.

Ал, Баку Халықаралық Мульти-мәдениет Орталығының кеңесшісі Тофик Аббасовтың пікірі жаңадан тағайындалған Әзербайжан вице-президенті жағында. Оның көзқарасында, М. Алиева елдегі жоғары беделге ие саясаткер. Ол басқарған қоғамдық, әлеуметтік салаларда көрнекті нәтиже көрсеткен. Бұл президент билігіне аса қажетті тұлға. Себебі, министрлер кеңсесінің елдегі беделі төмен. Ал, билік арасындағы саяси топтар кезінде президентке де маңызды қолдаушы керек. Сондықтан, Мехрибан Алиеваның президенттің бірінші орынбасары болуы заңды болып саналады екен.

Елін әлем мәдениетінің базарына айналдырмақшы болып отырған Әзербайжан билігінің мақсаты не ?

Аталған вице-президент тағайындау болсын, өзге де шаралары болсын Әзербайжанның ауқымды өзгерістерге дайындалып жатқанын аңғартады. Айталық, бірнеше күн бұрын өткен Мюнхен Қауіпсіздік Конференциясында ірі елдердің сыртқы істер министрлері мен қорғаныс өкілдері басты рөлде ойнағанымен, шағын елдердің президенттері де аз әуреге түскен жоқ. Бұл реткі Мюнхен конференциясына таяуда ғана тағайындалған БҰҰ бас хатшысы Антонио Гутериштің қатарында, Түркия премьері, Израиль қорғаныс министірі, Ауғанстан президенті және Әзербайжан президенті де қатысқан болатын. Әсіресе, Ауғанстан президенттінің Мюнхен Қауіпсіздік Кеңесіне қатысуы Батыс елдерінің БАҚ-ына қызғын тақырып болып еді.

Ең көп әбігерге түскен президенттің бірі – Әзербайжан президенті Ильхам Алиев болды. Конференция аясындағы Еуразия аймағының қауіпсіздік және келісім істерінің дөңгелек үстелінде Ильхам Алиев, Еуразия аймағының қауіпсіздігі мен ынтымақтастығы туралы өз көзқарасы мен ұстанымын да айта кеткен. «Біз аралда өмір сүріп жатқан жоқпыз. Сондықтан, айналамыздағы болып жатқан кез келген геосаяси өзгерістер бізге әсер етпей қалмайды. Туындаған қандай да бір тұрақсыздық біз үшін қолайсыздықтар алып келеді. Біз көлік инфрақұрылымдарын дамытуды қолға алдық. Көптүрлі мәдениеттің дамуын жебейміз. Болашақ Әзербайжан әлемдік көптүрлі мәдениет орталығына айналмақ. Кавказ аймағының бірегей геосаяси-экономикалық артықшылығынан пайдаланып, маңындағы елдермен даму және достық селбестік қатынасын орнатудың үлгісі болмақ» деді президент Алиев өз сөзінде.

Ол сөз барысында елдің географиялық артықшылықтарын пайдалануды қайта-қайта сөз етті. Бұнысымен ол сондағы өзге ел өкілдерін Әзербайжанның географиялық артықшылықтарына назар аударуға тырысты деуге келетіндей. Айтса, айтқандай бұл елде маңызды географиялық артықшылықтар бар. Еуропа мен Азияның жалғасқан тұсына орналасқан. Ресей, Қазақстан, Түркменстан, Иран, Түркия елдері түйіскен жерде. Қара теңіз бен Каспийдің арасындағы аймақта орналасқан. Кавказ өңіріндегі дамуға сұранып тұрған ел.

Әзербайжан үкіметінің жасап жатқан шаралары Батыс назарын өзіне аударып жатыр деуге болады. Айталық, «Оңтүстік табиғи газ тасымал дәлізі» және сол секілді трансұлттық жобалар жеделдетілді. Оған қоса, Ресей, Иран, Түркияға шығатын «Оңтүстік-солтүстік халықаралық тасымал дәлізінің» құрылысы да басталып кетті. Маңындағы елдермен достық қатынасты дамытып келеді. ЕО мен даму және селбестік келісімі бар. Осыдан бұрынғы әлемдегі аз ғана Ислам Ынтымақтастық Ұйымының мүшесі болған. Осы аталғандардың бәрі де Бакудың ел дамуына жасаған стратегиялық жоспарында болғаны шын. АҚШ-пен болған әскери ынтымақтастықты да жолға қойып отыр. Ресей-АҚШ қорғаныс өкілдеріне Бакуде жоғары дәрежелі кездесу ұйымдастырды.

Әзербайжанның бұл әрекеттерін үлкен жақтан үшке жіктеуге болады. Алғашқысы өңірлермен достық-ынтымақтастықты бекемдеу арқылы, елдің сыртқы қауіпсіздігін, халықаралық беделін жоғарылату. Екіншіден, тасымал дәліздерін, өзгеде құрылымдарды жандандыру арқылы экономикалық дамуды ынталандыру. Бұған елдің географиялық артықшылығынан пайдаланып, өңірлерді тұтастыратын экономикалық желі қалыптастыруды да айтуға болады. Үшіншіден, әскери ынтымақтастықтар арқылы ішкі-сыртқы қауіпсіздікті қамтамасыз етуге, сондай-ақ билік арасындағы саяси топтардың орнықтылығын сақтау үшін Конституцияға өзгеріс енгізу және туысқандарын билікке алып келу. Соңғысы, Батыстың аталмыш демократиялық талаптарына сай келмегенімен, өзге шаралары арқылы қарқынды даму жоспарын түзіп отыр дегенді білдірсе керек. Әсіресе, АҚШ-тың Орталық Азиядан таңдайтын сенімді серігі болуға мейлінше үміткер. Өзі шағын, байлығы мол Әзербайжан, бір күні стратегиялық дамуымен Каспийдың арғы жағынан көш бастап жатса, таң қалмаңыз.

“The Qazaq Times”