Қырғызстан билігі алименттен қашқан азаматтарға қарсы заңды күшейтпек. Аталған тақырып Жоғарғы Кенештің басты талқылауына түсті.
Жиында сөз алған депутат Айсұлу Мамашова: «Статистика бойынша Қырғыз еліндегі әрбір 5-ші отбасы ажырасу үстінде. Осыған байланысты балалардың құқығы да тапталуда. Енді әрбір бүлдіршінге бақытты балалық шақ қалыптастыру үшін алименті күшейту керек. Сонымен қоса, бұл тақыраптағы заңдардың да тиісінше күшті болуын қадағалауымыз тиіс» деп, өз пікірін жеткізді.
Депутат бұдан бөлек қазіргі жүйе әрбір әке болған қырғызстандық азаматтың жазадан жеңіл құтылуына да жол ашып отырғандығын жеткізді. Сондай-ақ, тақырыпты барлық шенеуніктерге мәлімдеп қана қоймай, оның шешімін де көрсете білді. Мысалы, алименттен жалтарған азаматтарды шекарадан шығару, көлік жүргізу құқығынан айыру керектігін ұсынды.
Қазіргі таңда алименттің жағдайы Жоғарғы Кенеште талқыға түсуде. Егер, Қырғызстан парламентінде отырған шенеуніктер депутат Айсұлу Мамашовеның сөзін іскі асырар болса, онда ажырасқан әкелердің жағдайы қиындай түсуі мүмкін.
Естеріңізге сала кетейік, Қазақстанда да алименттік жағдайдың көрсеткіші мәз емес. Бас прокуратураның деректеріне сүйенсек, біздің елімізде 25 мыңнан астам азамат алимент төлемей қашып жүр. Қазіргі таңда оларды үш санатқа бөліп қарастырып отыр.
- Ары таза борышкерлер (алимент төлегісі келеді, тек жұмыс таба алмай жүр);
- Әдейі төлемей жүргендер (алимент төлеуге шамасы жетеді, тек бұрынғы жұбайынан кек алу мақсатында, не қандай да бір ұстаныммен төлегісі келмей жүргендер);
- Үмітсіз борышкер (алимент төлеуге жағдайы да, ниеті де жоқ – үй-күйсіз, жұмыссыз, маскүнем, нашақорлар).
Соңғы жылдары 30 пайыз азамат алимент төлеуден қашса, 40 пайызына іздеу жарияланған. Осының салдарынан 350 мыңнан астам бүлдіршін алиментке зар болып отыр.