Жапония киберқауіпсіздік сарапшылары Қытай үкіметімен байланысты ART10 хакерлік ұйымы 2016 жылы Жапонияның ірі коммерциялық ұйымы Жапон Экономика қауымдастығына хакерлік шабуыл жасаған деп күдіктенеді.

Жапон БАҚ-ы жексенбіде таратқан хабарларында, киберқауіпсіздік мамандары Жапония Экономика қауымдастығына жасалған шабуылдағы вирустар мен серверлер бұған дейін белгілі болған ART10 хакерлік ұйымы қолданған серверлер мен вирустармен бірдей екенін айтқан.

Жапония Экономика қауымдастығы елдегі ең ірі компаниялардан, салалық қауымдастықтардан және экономикалық топтардан құралған. Аталған ұйым саясатқа қатысты кеңестер, қызметкерлер туралы ақпарат және компания мүшелері мен басқалар арасындағы электрондық хаттардың ұрлануынан алаңдаушылық білдірген.

АҚШ Әділет департаменті былтыр 20 желтоқсанда мәлімдеме жасап, Қытай үкіметімен байланысты «APT10» хакерлік ұйымы соңғы бірнеше жылда көптеген елдердің компьютерлік жүйелеріне шабуыл жасап, зияткерлік меншік пен басқа да құпия ақпаратты ұрлады деп айыптаған болатын. Сондай-ақ, аталған хакерлік топ Британия, Канада, Аустралия, Жаңа Зеландия және т.б. елдерді нысанаға алғанын айтқан еді. Бұл рет Жапония Құрама Штаттың аталған мәлімдемесін растаған.

Бірақ, Бейжің билігі осыған дейін қандай да бір хакерлік топқа қолдау көрсетпегенін және кибершабуыл ұйымдастырмағанын айтқан. Әрі, АҚШ Әділет департаментінің мәлімдемесін «дәлелденбейтін, негізсіз және біржақты айыптау» деп бағалаған.

“The Qazaq Times”