Қырғыз президенті  Сооронбай Жэнбеков  Шу облысы Сокулук ауданының тұрғындарымен кездесуден бір күн бұрын Қытай мен Қырғыздың қарым-қатынасына сызат түсіргісі келетіндер өз мақсаттарына жете алмайды деп мәлімдеді.  

Президенттің баспасөз қызметінің айтуынша, осы кездесуде жергілікті тұрғынның бірі қаңтардың 7-де Бішкектің орталық алаңында өткен митингке қатысты алаңдаушылығын білдірген. Мұндай митингтер екі ел арасына сызат түсіруі мүмкін екенін айтқан.

Осы орайда Қырғыз президенті Қытайдың Қырғызстанға гранттар мен несие беруін екі ел арасындағы ынтымақстастықтың нәтижесі екендігін атап өтті.

"Біз Қытай тарабына екі ел арасындағы бірлік пен көмек үшін алғыс білдіруге тиіспіз. Барлық мәселе біздің ресми тұлғаларымызда.  Біз әрдайым халықаралық қатынастарды, еліміздегі  тұрақтылықты бұзғысы келетіндердің әрекеттерін бақылауда ұстаймыз. Олар заң жүзінде өздерінің жазасын алады. Біз мемлекеттің байлығын ұрламаймыз, халыққа зиян тигізбейміз. Сондықтан біз ешкімнен қорықпаймыз. Қоғамдық тәртіпті бұзғандарға заң бойынша шара қолданамыз. Барлық мәселе бақылауда", - деді президент.

Естеріңізге салайық, осыдан бірер күн бұрын Қырғызстан астанасының орталығында 200-ден астам қырғыз Қытай саясатына қарсы наразылық шеруге шыққан еді.

"The Qazaq Times"