Қытайдың ресми ақпарат құралдарының бүгінгі хабарларында, Қытай орталық қаласында ресми сапарда жүрген Солтүстік Корея басшысы Ким Жоң Ун (Ким Чен Ын/Kim Jong Un) АҚШ-пен арадағы ядролық қарусыздану туралы келіссөздері дағдарысқа ұшырауынан алаңдайтынын жеткізген. Бірақ, ол Қытай басшысы Ши Жинпиңге (Си Цзиньпин/Xi Jinping) АҚШ-пен қарым-қатынасты жақсартуға тырысатынын айтқан.
Солтүстік Корея басшысы Қытай астанасында екі күндік ресми сапарда жүргені белгілі. Қытайлық БАҚ-тың хабарларында оның Бейжіңге Ши Жинпиңнің шақыртуымен сапарлай келгені айтылады. Бірақ, сапардың нақты мақсаты мен күн тәртібі туралы мәлімет берілмеген. Тіпті, Ким Жоң Ун Қытай басшысымен кездескенге дейін оның Қытай орталық қаласына сапары туралы ешбір хабар таратылмаған.
Бұл Солтүстік Корея басшысының былтырдан бері төртінші рет Қытайға сапарлай баруы. Кейбір сарапшылардың айтуынша, бұл сапар Ким Жоң Унның АҚШ президенті Трамппен екінші рет кездесу өткізудің алдында өз жоспарларын ең үлкен саяси және экономикалық серігі Бейжіңмен үйлестіру үшін жасалған. Осыдан бұрын Трамп Солтүстік Корея басшысымен қаңтар немесе ақпан айында кездесу өткізуі мүмкін екенін айтқан.
Болжамдарға сенсек, бұл кездесуде Қытай басшысы Солтүстік Кореяға қолдау көрсету туралы Ким Жоң Унға өз уәдесін береді және КХДР мен АҚШ қатынасы қарама-қарсы бағытта өрбиді деп үміттенеді.
Дегенмен, Ким Жоң Унның Бейжің сапарына Оңтүстік Корея президенті Мүн Жайн (Moon Jea-in) үміткерлік танытты. Бүгін таңертең журналистерге берген жауабында: «Менің ойымша, төраға Ким Чен Ынның Бейжің сапары АҚШ пен Солтүстік Корея лидерлерінің екінші саммитіне жол ашады деп қараймын», – деген.