Мысыр билігі Франциядағы «сары жилет» шеруіне байланысты жарық беруші сары жилеттерді сатуға тыйым салды. Аталған шешім 1981 жылдан бері ел басқарған Хұсни Мүбаракты 2011 жылы билік басынан алып тастау шеруінің уақытына қарай шығарылған.
Қазіргі таңда барлық сауда орындарына биліктің жаңа талабы ескертілді. Сондай-ақ көтерме сатып алулар тек, полиция қызметкерлерінің рұқсатымен ғана жүзеге асырылмақ.
2011 жылдың 25 қаңтарында Мысыр еліндегі тұрғындар жаппай наразылық шеруге шығып, нәтижесінде 11 ақпан күні елдің экс-президенті Хұсни Мүбарак отыз жылдық билігінен кейін тағынан кеткен болатын. Ал, 2012 жылдың 30 маусымында Мұхаммед Мүрси ант қабылдап, елдің жаңа президенті атанды. Бұдан кейін, 2013 жылдың 3 шілдесінде әскери төңкеріс басталып, билік Бас штаб басшысы Абдул-Фаттах Ас-Сисидің қолына өткен еді.
Естеріңізге сала кетейік, 17 қарашадан бастап Франция елінде жанармай салығының қымбаттауына байланысты халық жаппай наразылық шеруге шығуда. Биліктің жаңа заңына қарсы шыққан 135 мыңнан астам тұрғынның үшеуі қаза тауып, 1043 адам түрлі дене жарақатын алған. Оның ішіндегі 222-і қауіпсіздік күштерінің қызметкерлері.
Франция елі жаппай көтерілгенінен кейін, президенті Эммануэль Макрон салықтың өспейтіндігін, зейнеткерлердің айлық есебі өсетіндігін мәлімдеген еді. Алайда, шеру әлі күнге дейін жалғасып келеді.