Украина Ресеймен арадағы достық туралы келісімді тоқтатпақ. 

Бүгін Украина президенті Петр Порошенко Ресеймен арадағы достық келісімнен шығу туралы заңға қол қойды. Порошенко өз сөзінде Ресейден ұзаққа созылған қарулы қақтығыстан салдарынан болған шығындарды өндіріп алу үшін шағымдану жұмыстарын жүзеге асыратын ведомствоаралық орган құруды қарастырамыз деді. Сондай-ақ, «Ресеймен келісімнен шығу – отарлықтан құтылып, Еуропаға бет алу стратегиямыздың бір бөлігі» екендігін баса айтты.

Ресей – Украина достық шартына 1997 жылы 31 мамырда қол қойылған. Шарт мерзімі 2007 жылы тағы да 10 жылға созылған. Құжатта дипломатиялық байланыс, өз аумағы үшін бір-бірінің қауіпсіздігіне нұқсан келтірмеу және шекара мен аумақтық тұтастықты құрметтеуі қағидалары жазылған.

2013 жылы Еуромайдан деп аталған жаппай халық толқуына қатысқандар Украинаның Еуропа Одағына қосылуын талап еткен. Сондай-ақ Украинаның ұлтшылдар ұйымы (ОУН) Ресейден іргені аулақ ұстап, еуропоцентризмге бет алу керектігін бірнеше рет ескерткен.

23 қарашада Еуропалық Одаққа қосылу туралы заң жобасын президент Петр Порошенко ұсынып, Украинаның Конституциялық соты бұл шешімді мақұлдаған болатын. Порошенко мемлекеттің 2030 жылға дейін барлық салада тас-түйін дайын болатындығын айтты. Осыған дейін НАТО-ның парламенттік ассамблеясы «агрессорлық Ресейдің қауіп-қатеріне қарсы тұру үшін» Украинаны альянсқа қосуды талқылаған.

"The Qazaq Times"