АҚШ президенті Дональд Трамп G20 саммитінде Ресей президенті Владимир Путинмен кездесуден бас тартты.
Трамп бұл шешіміне Қара теңізде Ресейдің украиналық кемелерді басып алып, теңізшілерін тұтқындап, жібермей отырғаны себеп болғанын хабарлады. Ал Кремль Трамп ресми түрде кездесуден бас тартқан жоқ екендігін айтып, қандай да бір түсінік беруден бас тартып отыр. Осыған дейін Ақ үйдің баспасөз хатшысы Сара Сандерс Трамп пен Путин апта соңында Буэнос-Айрес қаласында өтетін G-20 саммиті аясында кездесетінін айтқан. Саяси маңызды жиында екі ел басшысы Украина мен Сүриядағы жағдай, ядролық қару мәселелерін талқылауды жоспарлаған. Бұл оқиғаға қатысты Дональд Трамп «Washington Post» газетіне берген сұхбатында Керчь бұғазындағы оқиға туралы Ұлттық Қауіпсіздік Кеңесінің толық есебін күтетінін мәлімдеді. Өз сөзінде ол: «Мүмкін, мен бұл кездесуді өткізбеймін. Маған Ресей агрессиясы мүлде ұнамайды», – деп мәлімдеді.
Жалпы Киев пен Мәскеу текетіресінен соң АҚШ, НАТО және ЕО елдері тарапынан Ресей сын астында қалды. АҚШ Мемлекеттік департаментінің өкілі Хизер Нойерт өз мәлімдемесінде: «АҚШ Украинаны қолдайды. Біз басқа елдердің де осы саясатты ұстанғанын қалаймыз. Ұлттық қауіпсіздік стратегиямызда көрсетілгендей, әлем елдерінің бір-біріне қолдау білдіруі міндет. Осы ретте Еуропа елдерін «Солтүстік ағын – 2» құбыры жобасынан бас тартуға шақырамыз. Себебі, бұл жоба Ресей мүддесі мен экономикасына көмектеседі», – деді.
Айта кетейік, 25 қарашада Ресей Керчь бұғазында Украина әскери-теңіз күштерінің үш кемесін басып алып, оқ атқан. Украина президенті Петр Порошенко Ресейдің бұл әрекетін «басқыншылық» деп атап, олардан Азов теңізінде ұсталған Украина әскери кемелері мен теңізшілерін дереу босатуды талап етті.