Футбол – қазір спорт қана емес, бизнес. Әлдебір комментатордың «алаңда 22 миллионер жүр» деп әзілдейтіні де бекер болмаса керек. Ол рас. Футболшылар жалақыны көп алады. Бұл тұрғыдан олармен тіпті ұлттық компания басшылары мен жоғары лауазымды шенеуніктер де шендесе алмайды. Осыдан-ақ аяқдопшылардың материалдық мүмкіндіктерін бағамдай беріңіз.

Әрине, біз ешкімнің қалтасына түскіміз-ақ келмейді. Алайда доп қуалаған жігіттердің жалақысы сіз бен біздің салығымыз бен басқа да әлеуметтік төлемдер есебінен бөлінетіні – аз да болса мәселе қозғауға себеп сықылды. Қазіргі таңда елімізде жүйелі түрде қаржыландырылатын екі клуб бар. «Астананы» әйгілі «Самұрық-Қазына» әл-ауқат қоры қаржыландырса, алматылық «Қайраттың» қаржылық мәселесін шешуді белгілі бизнесмен Қайрат Боранбаев өз қолына алған. Сондықтан да екі клубтың нәтижелері жоғары. Әсіресе, «Астана». Өзіне бөлінген қаржыны ақтап, жыл сайын еурокубоктық додаларда оза шауып жүр. Ал «Қайраттың» инфрақұрылымы, балалар мен жасөспірімдер академиясы, сапалы жасыл алаңы, бапкерлер штабы кез-келген еуропалық клубтың мүмкіндігінен кем түспейді. Соған қарамастан «Қайраттың» ойыны көңіл көншіткен емес. Жә, бұл басқа тақырып. Ал өзге клубтар толық дерлік облыстық бюджет есебінен күн көреді. Шыққан тегі қазақстандық футболшылар кемі 4-5 мың доллар айлық жалақы алса, шетелден шақырылатын легионерлердің құны одан қымбат. Сол үшін облыстық әкімдік оларға бума-бума ақша ұсынып ғана қызықтыра алады. Соның өзінде нәтиже тым төмен. Қыруар қаржыны игеріп жатқанына қарамастан жасыл алаңда ұрыс салып, өткір шабуыл ұйымдастырып, қарсыластарын жапыра жеңген команданы таппайсыз. Екі мықты клубтан кейінгі тәуірлеу саналатын «Ордабасы», «Ақтөбе», «Ертіс», «Тобыл» командалары еурокубоктық сайыстарға шықса болды топырлатып гол жіберіп, алғашқы кезеңнен аса алмай қала береді. Осыдан-ақ қаншама қаражаттың желге ұшып жатқанын байқайтын секілдіміз. Global Sports Salaries компаниясы жақында зерттеу жүргізіп, әлем елдеріндегі футболшылардың қанша көлемде жалақы алатынын анықтап көрген. Соның ішінде Қазақстан премьер-лигасы ойыншыларына жоғары жалақы төлеу тұрғысынан үздік 25 чемпионатқа еркін кіреді екен. Отандық клубта ойнайтын ойыншының орташа жылдық жалақысы 148 513 доллар көлемінде. Сонда айына шамамен 12 376 доллар алады деген сөз. Футболшылары ең көп жалақы алатын чемпионат – АПЛ. Англия чемпионатында доп тебетін ойыншының жылдық орташа жалақысы – 3 миллион 935 197 доллар. Одан кейін – Испания: 2 896 151 доллар. Үздік үштікті Италия түйіндейді: 1 999 865 доллар. Қазақстаннан кейін Оңтүстік Корея, Австралия, Польша, Хорватия чемпионаттары орналасқан. Осы орайда сарапшыларға хабарласып, қазақстандық футболшылардың жалақысына қатысты пікір сұраған едік.

Қызықты мәліметтер: 

  • Бір жыл бұрын Jeune Afrique журналы алматылық «Қайрат» сапында ойнаған ивуарлық ойыншы Жерар Гоудың жалақысын жариялады. Футболшы жылына 2 миллион еуро алған. Бұған бонустар кірмейді. 
  • 2016 жылы «Ақтөбе» өз ойыншыларының жалақысын жариялады. Ол бойынша ең жоғары жалақы алатын футболшы – Алексей Щеткин болған. Ол ай сайын 9 миллион теңге алады. 
  • Бұған дейін «Самұрық-Қазына» әл-ауқат қорының басшылығында болған Дархан Қалетаев «Астана» клубының ойыншыларының біріне 1,1 млн доллар жылдық жалақы төлегенін жария еткен болатын. 
  • 2015 жылы Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев «Ақтөбеде» ойнаған бразилиялық легионер Данилоның айына 57 мың, ал Андерсон Сантананың айына 61 мың , армениялық ойыншы Маркос Пиззелидің айына 85 мың еуро алып отырғанын жариялады.

 Мұндай жалақыны үлкен компанияларда топ менеджерлер де алмайды

Белгілі футбол комментаторы Ермұхамед Мәуленнің айтуынша, айына 10-12 мың доллар жалақы футболшылар үшін тым көп.

– Менің тұспалдауымша біздің чемпионаттағы ойыншылар айына 7-8 мың еуро алады. Дегенмен оның өзі ойыншылардың деңгейіне сай емес. Әрине, футболға көп қаржы бөлінгені дұрыс. Егер ойыншылар сол салынған қаржыны ақтаса. Алайда, олай болмай жатқанын айқын көріп отырмыз. Демек, облыстық бюджеттен клубтарға бөлінетін қаржыны екі есеге азайту керек. Әлбетте, біздегідей жалақыны олар Нидерланды, Бельгия секілді елдерде де алар еді. Бірақ ол жақта футболдың деңгейі жоғары. Сондықтан біздің футболшылар ол жақта қосалқы құрамның патшасы болады. Ал ол керек пе? – дейді комментатор.

 Спорт блогері Аршат Ораздың ойынша, біздің футболшылардың деңгейін өсірмей, өз елімізде жіпсіз байлап отырған «құдірет» – осы жалақы. Миллиондаған доллардан ешкім ойда-жоқта айырылып қалғысы келмейді.

 Орташа есеппен ҚПЛ-дағы футболшы жылына 55 млн теңге (148 мың доллар) алады екен. Бұл көрсеткіш бойынша әлемде 25, Еуропада 17-орындамыз. Сондықтан бұл рейтингте бізден жоғары елдерден біздің елге ойыншы келмейді. Ал бізден төменгі орындағы елдер үшін Қазақстан – таптырмас ақша қазынасы. Бұл легионерлер тұрғысынан қарағанда. Ал енді екінші жақтан, өзіміз жақтан қарасақ: қазақстандық футболшылар мұндай жалақыны басқа елде ала алмайтынын біледі, сондықтан жоғары көтерілуге тырыспайды. Шетелге шығуға деңгейлері де жетіспейді. Сондықтан олар үшін ҚПЛ-да кез-келген командаға кіре алу – жалақысы жоғары жұмыс табу болып саналады. Мұндай жалақыны үлкен компанияларда топ менеджерлер де алмайды, дейді ол.

 Аршаттың айтуынша, осыдан келіп басқа федерациялардың футболға деген реніші туындайды. Себебі, мемлекеттік және облыстық бюджет оларды тең көріп отырған жоқ. Нәтиже алып келмесе де футбол клубтарына ақшаны асата береді.

 – Әлбетте басқа федерациялар футболды жек көреді. Өйткені олар жоқтан бар жасап, әлем және Олимпиада чемпиондарын шығарып отыр. Ал егер бюджеттері көбейетін болса спортымызда нәтижелер бұдан да жақсы бола алар еді. Футбол шыны керек спортымызды тежеп тұр. Бұның жалғыз шешімі – клубтарды жекеге беру. Жалпы, солай болады жақын болашақта. Сонда ақша да есепсіз шашылмайды, – дейді ол.  

 Халыққа футболды сүюді үйрету керек

 Спорт блогерінің пікірімен белгілі спорт журналисі Мадияр Арыстанбаев та келіседі.

 – Бәсекелестік болсын десек, жалақының жоғары болғаны орынды, алайда ол әкімдіктердің балансында болғаны дұрыс емес. Шетелде әр клубтың демеушісі бар, ал біздің клубтарға демеуші табу қиынның қиыны. Ол үшін халыққа футболды сүюді үйрету керек, яғни менталитетті түбегейлі өзгертуге тура келеді, – дейді.

 – Шетелде жоғары жалақы бермейді. Жаттығу және тәртіптері де қиын. Бізде шетелде ойнай алатын футболшы жоқ. Жас футболшылардың арманы – ҚПЛ командаларына кіру. Одан асып дамуды көздемейді. Оларға тіпті керек емес те деп ойлаймын. Ал егер жалақы басқа спортшылармен бірдей деңгейге түсірілсе, шынымен футбол ойнағысы келгендер қалып, Еуропаға ұмтылатындар шыға бастаушы еді. Бізде балалар футболын дамыту деген жылда айтылатын нәрсе. Өсіп келе жатқан жас футболшылар аз. Сондықтан қолда бар ақшаға легионер алу, оларға азаматтық беру белең алды. Қазір тек нәтиже мен есеп маңызды. Болашақты ойлайтындар аз. Бұның бәрі әлбетте менеджменттің нашарлығын көрсетеді. Футбол бар, алаң жоқ. Команда бар, ойыншы жоқ. Ақша бар, менеджмент жоқ, – дейді спорт блогері Аршат Ораз.

 Бұл ретте бізге Бразилиядан үлгі алу маңыздырақ дейді сарапшы. Шыны керек бізде футболға кәсіп ретінде қарау, оның намыспен тұтасқан спорт екенін ұғыну жетіспейтін секілді. Әйтпесе мыңдаған доллар алған бапкер жанын салып дайындап, өзін-өзі жетілдіруші еді ғой. Миллиондаған теңге алған футболшы жасыл алаңда жан аямай күреспей ме? Футбол – әсте жүгіру емес, ақыл-ой мен күрестің спорты ғой.

 – Мәселен, Бразилияның футбол мектептері анау айтқандай мықты емес. Инфрақұрылымы керемет деген мектептердің басым бөлігі Еуропада. Алайда бразилиялықтар футболды кәсіп көзі ретінде қарайды. Сол үшін мұхит асып кәрі құрлықта доп теуіп ақша табады. Бәлкім бізге де сондай жағдай керек. Бірақ ұлт болып футболды жақсы көрмеген соң, бәрі бекер. Түркияны мысал етіп көрсетейін: осыдан 40-50 жыл бұрын бұл елдің ұлттық құрамасы да, клубтары да дамымай тұрды. Ал қазір түріктер үшін футбол ұлттық спорт іспетті. Соңғы 20 жылда бірқатар командалары жоғары деңгейге көтерілді. Ұлттық құрамасы 2002 жылы әлем чемпионатының қола жүлдегері атанды. Сондықтан жоғарыдағы басшылар жаны ашып, футболды күллі халық жақсы көретін, ұмтылатын спортқа айналдыруы керек. Сол кезде абыройымызды арттыратын жас таланттар да шыға бастайды. Футболды ақшаның көзі деп қана қарамай, елде мамандардың санын, біліктілігін арттырмай, жасөспірімдер мен балалар футболын дамытпай, түк шықпайды. Жаттанды жауап, бірақ шындық осы, – дейді Мадияр Арыстанбаев.

 Футболшыларға төленіп жатқан жалақының басын құрап қаншама стадион салуға болады. Балалар үшін табиғи алаң мен инфрақұрылым жасап беруге де қаражат жетеді. 300 мың ғана халқы бар Исландияны алайық. Аттап бассаң жасыл алаңға кезігесің дейді аралға аяқ басқандар. Викингтердің ұрпағы 2016 жылы Еуропа чемпионатында күллі әлемді дүр сілкінтті. Биыл әлем чемпионатында небір мықтылардың адымын аштырмай, әлеуеті жоғары екендерін байқатты. Футболшылары шетелдің жоғары деңгейлі чемпионаттарында ойнайды. Футбол – тренд. Әл-әзір атақ жағынан өзге спортты маңына жуыта қоймайды. Сондықтан біз футболдан бас тартуды емес, оны жетілдіруді ойлауымыз керек. Әрине, ол үшін ақша бөлісі әділ жүруі тиіс.

"The Qazaq Times"