Журналист Жамал Хашоггидің өлімінен соң, Сауд Арабиясында король отбасы ханзада Мұхаммед Салманның тақ мұрагері болғанын қаламайтынын айтты.

Журналистің «жантүршігерлік өлімінен» кейін ханзада Мұхаммед Салманның рейтингісі бұрынғыдан төмендеп кеткен. Бұдан бөлек, 2017 жылы Мұхаммед бин Салман сыбайлас жемқорлық жасады деген айыппен ондаған ханзада мен кәсіпкерлерді тұтқындағаннан соң реформаторлық атағына қайта сызат түсті. Олардың басым бөлігі расымен астыртын әрекеттерге барса да, жергілікті тұрғындар «ханзада осы әрекеті арқылы саяси және іскерлік бағыттағы бәсекелестерінен құтылуды көздейді», – деп есептеді. Ал осы тақырып туралы із-түссіз жоғалған журналист Жамал Хашогги өз мақалаларында жиі сынап жазған.

25 қазанда АҚШ президенті Дональд Трамп Сауд Арабиясы билігін қатаң сынға алып, журналист Жамал Хашоггидің өліміне қатысы бар деген саудиялық шенеуніктерге санкциялар енгізді. Енді оларға «Магниттік жаһандық акт» жобасы бойынша Құрама штаттарына кіруге тыйым салынады. Дональд Трамп өз сөзінде: «Хашоггидің өлімі Сауд Арабиясының беделіне нұқсан келтірді. Сауд Арабиясының ханзадасымен хабарласқанымда, ол бұл іске еш қатысы жоқ екенін айтты. Демек, оған басқа адамдар жауапты. Тергеу ісі әлі де жалғасып жатыр. Міндетті түрде тиісті шара қолданылады. Көп ұзамай нақты ақпаратқа кол жеткіземіз» – деді. Алайда, шетелдік басылымдардың басым бөлігі оппозициялық журналисті өлтіруге ханзаданың қатысы бар екендігін жазды.

Айта кетейік, Жамал Хашогги 2 қазанда Ыстамбұлдағы Сауд Арабия консулдығында ізім-ғайым жоғалып кеткен. Бірнеше күннен соң марқұмның дене бөлшектері қала маңынан табылды. Өткен аптада Сауд Арабиясы Хашоггиді консулдықта «қылқындырып өлтіргенін» мойындап, халықаралық қауымдастықтың қатаң сынына ұшырады. Бұл тарап «Хашогги ісіне» қатысы бар он сегіз адамды тұтқынға алды және жоғары шенді бес кеңесшіні лауазымынан айырды.

"The Qazaq Times"