«Шекарасыз репортерлар» (Reporters Without Borders) халықаралық ұйымы жаңалықтар сайттарын бұғаттаған Тәжікстан әрекетін сынға алды.
«Тәжікстан Қытайдың интернет-цензура моделін ұстанып отыр» делінген «Шекарасыз репортерлар» ұйымының 15 қарашада жарық көрген мәлімдемесінде.
Халықаралық ұйым мәліметінше, 6 қарашада Хорог тұрғындары жаппай митингке шыққанда, әлеуметтік желілер мен жаңалықтар сайты жұмыс істемей қалған.Тәжікстан билігі "Азия-плюс" жаңалықтар порталын, YouTube, Facebook, "ВКонтакте" және "Одноклассники" секілді әлеуметтік желілерді бұғаттап тастаған. Сонымен бірге WhatsApp пен Telegram мессенджерлері істен шығарылған.
“Жаппай интернет-цензураға жол берілмеу керек. Тәжікстан билігі цензураның түптеп келгенде түрлі өсекке жол берілетінін есепке алу керек. Халықаралық қауымдастық Қытай моделін ұстанбауы тиіс”, - деп мәлімдеді "Шекарасыз репортерлер" ұйымының Шығыс Еуропа және Орталық Азия бөлімінің басшысы Йоханн Бир.
Тәжікстанның тәуелсіз бұқаралық ақпарат құралдары ұлттық ассоциация басшысы Нуриддин Каршибоев билік әрекетін “әкімшілік феодализм” ретінде суреттейді. “Біз сайттарды бұғаттау азаматтардың конституциялық құқығын бұзатынын үнемі айтып келеміз", - дейді ол.
Естеріңізге салайық, осыдан бірнеше апта бұрын Қазақстан үкіметі де «Төтенше жағдайларда ғаламторды бұғаттауға» байланысты қаулы шығарған. Қаулыға сәйкес, ІІМ, ҰҚК, Қорғаныс министрлігі және Бас прокуратура интернетті бұғаттауға құқылы. Көптеген сарапшылар үкіметтің бұл қадамына «биліктің бұранданы кезекті мәрте бұрауы» деген баға беруде.