CNN телеарнасы Ақ үйдегі тілшісі Джим Акостың аккредетициясын қалпына келтіруді талап етуде.
12 қараша күні АҚШ-тың Вашингтон аймағындағы Колумбия округіне қарайтын сотқа Джим Акостың Ақ үйге кіруіне мүмкіндік беретін аккредитацияны қалпына келтіру туралы шағым түскен. Қазіргі таңда бұл іске қатысты алты адамның есімі жазылған. АҚШ президенті Дональд Трамп, штаб басшысы Джон Келли, баспасөз хатшысы Сара Сандерс, штаб басшысының орынбасары Билл Шин және құпия қызмет директоры Рэндольф Аллес пен Акостты тоқтатқан құпия қызмет офицерінің есімі бар.
Бұл істен кейін Сара Сандерс Ақ үй әкімшілігі өздерін толықтай қорғап шығуға дайын екендігін де мәлімдеген болатын.
Естеріңізге сала кетейік, Джим Акостқа президенттік баспасөз-конференциясынан кейін акредитация беруден бас тартқан болатын. Себебі, CNN телеарнасының журналисі ең алғаш мигранттар туралы сұрақ қойып, кейіннен АҚШ-тағы президенттік сайлау кезінде Ресейдің рөлі туралы тақырыпты қозғаған. Алайда, журналисті орта жолдан тоқтатқан Трамп: «Сіздердің оларға жұмыс істегендеріңіз үшін, CNN-ге ұятты», деп кесіп айтқан болатын.
Сонымен бірге, Ақ үй журналисі әріптестеріне сыйластық танытпай, микрофонды беруден бас тартқандығы үшін айып тағып отыр.