Иранның бірқатар банктері халықаралық SWIFT ақша аудару жүйесінен ажыратылды.
АҚШ-тың Иранға қарсы салынған екінші санкцияларының тізімінде Иранды төлемдер өткізу мен банкаралық ақпарат алмасу жүйесінен ажырату қарастырылған. Бұл шара тек қана Иран емес, осы елмен мұнай экспортын және қаржылық байланыс жасайтын мемлекеттерге де қатысты. Демек, алдағы уақытта ЕО-ға да кері ықпалын тигізуі ықтимал. Сол себепті Еуроодақ басшылығы Иран транзакцияларын сақтап алуға арналған механизмді құруын жеделдетпек. Осы ретте ЕО сыртқы қимылдар қызметінің өкілі Майя Косьянчич: «SWIFT-тың бұл шешімін өз назарымызға алдық. Төлемдер мен банктер жүйесінен ажырату барлығымызға кері ықпал етеді. Осыны ескере отырып, еуропалық бизнестің Иранмен арнайы қаржылық механизмдер жүргізуін қолға алдық», – деді.
5 қарашадан бастап Иран мұнайын сатып алуды тоқтатпайтын мемлекеттердің банктері үшін долларды тұтынуға тыйым салу; Иран порттары мен негізгі салаларға қарсы санкциялар: энергетика, кеме қатынасы және кеме жасау; Иранның Орталық банкімен шетел банктерінің барлық есептері және Иранның шетелдік шоттарда сақталатын валютаға қол жеткізуіне тыйым салу қарастырылған. АҚШ Қаржы министрі Стивен Мнучин: «Біздің мақсатымыз – астыртын әрекеттерге қарсы тұру. Осы арқылы Ираннан мұнай экспортын азайтпақпыз. Егер тосқауыл болам деушілер табылса, жағдай одан сайын нашарлайды. Иран өзге аймақтарға соғыс ашу және жаулаушылық әрекеттерінен арылуы тиіс», –екендігін айтты. Иранға қарсы қабылдаған санкциялар осы елмен қаржылық операциялар жүргізетін және мұнай сатып алатын өзге елдерге де қатысты болып отыр. Бірақ, АҚШ бірқатар мемлекеттерге жарты жылға жеңілдік берді. Жеңілдікке ілінген мемлекеттер қатарында Қытай, Түркия, Үндістан, Жапония, Оңтүстік Корея, Тайвань, Италия мен Греция бар.
Еске сала кетейік, ресми Уашингтон санкциялар Иранның «дұшпандық іс-әрекеттеріне», оның ішінде кибершабуылдарға және баллистикалық зымырандарды сынауға қарсылық есебінде салынатынын айтты. Сонымен қатар, Теһранға Таяу Шығыстағы радикалды топтарға қолдау көрсетуге кедергі жасау мақсатында жүзеге асады. Санкциялық тізімде 700-ден астам жеке тұлға, ұйымдар мен компаниялар, оның ішінде елдің негізгі банктері, мұнай экспорттаушылары мен кеме қатынасы компаниялары бар.