АҚШ «айдаһар санкциялар» атанған қатаң қаулыны Ресейге қарсы іске қосады. Бұл туралы АҚШ Мемлекеттік департаментінің өкілі Дэвид Теслер мәлімдеді.
Теслердің айтуынша, Ресейге салынған жаңа санкциялар АҚШ-тың химиялық қаруды бақылау туралы заңымен сәйкес. Санкциялардың бірінші пакеті Британияда экс-тыңшы Скрипальдің улануына қатысты 2018 жылдың тамыз айында енгізілген болатын. Екінші реттегі санкциялар осы жылдың қарашасында орындалады.
АҚШ мемдеп өкілі Дэвид Теслер: «Бүгін біз Конгреске Ресей үкіметінің тиісті критерийлерді орындамағанын мәлімдедік. Демек, санкциялардың екінші кезегін енгізу механизмі іске қосылады. Келесі қадамдарымызды мұқият ойластырамыз. Олардың қандай болатынын кейін білетін боласыздар. Бірақ, белгілісі – кезекті санкциялар бұрынғыдан да қатаң болмақ», – деді. Санкциялардың екінші пакеті Ресейге қатысты қатаң шектеулер енгізуді көздейді. Бұдан былай АҚШ пен Ресей үкіметі арасында дипломатиялық қарым-қатынас шектеледі. Сондай-ақ Ресей үкіметіне азық-түлік сатып алудан басқа жағдайда АҚШ банктерінің кредит беруіне қатаң тыйым салынады. Бұдан бөлек:
- Ресей үкіметінің бақылауындағы «Аэрофлот» секілді компаниялардың қызметін пайдаланбау;
- Өзара саудаға толық тыйым салу. АҚШ пен Ресей Үкіметі арасындағы дипломатиялық қатынастарды шектеу;
- АҚШ үкіметінің «қара» тізіміндегі адамдар арасындағы кез келген келісім-шарттар мен мәмілелерді жүзеге асырмау;
- Химиялық қаруды қолдаған және таратқан адамдарға қарсы дербес санкциялар енгізуді көздейді.
Сұрапыл санкциялар АҚШ қауіпсіздігі үшін аса маңызды. Себебі, Ресей тарапынан кеткен қателіктер мен астыртын әрекеттер (саяси байланыс, химиялық қару, хаккерлік шабуыл) көптеген мемлекеттердің қауіпсіздігіне нұқсан келтіріп отыр. Осы ретте Америка Мемлекеттік департаментінің ресми өкілі Хизер Нойет: «Санкциялар нақты экономика мен қауіпсіздік саласына бағытталған. АҚШ тарапынан қатаң қаулылар Ресей билігіне, сондай-ақ Ресейдің бүлікшіл әрекеттерінің орындалуына көмектескендерге де әсер етеді. Біз осы субъектілердің іс-әрекеттерін бақылауға аламыз», – деді.
Заң жобасының экономикалық бөлігінде АҚШ-та санкциялық режимде тұрған жеті ресейлік банк құрылымдарының, соның ішінде «Сбербанк», ВТБ, ВЭБа және «Промсвязьбанктің» операцияларына және активтеріне тыйым салу қарастырылған. Демек, аталған шектеу іс жүзінде осы банктер үшін долларлық есеп айырысудың мүмкін еместігін білдіреді. Жаңа құжат бойынша сақтандыру компанияларының қызметіне және басқа да пункттерге мониторинг жүргізіледі. Осы арқылы Ресей «лаңкестікті қолдаушы мемлекет» ретінде танылуы мүмкін.