Тыл әскердің жанды жері. Тіпті, жай көзбен салыстырып көрсек, адам ағзасында қан айдап бүкіл жан-дүниеңді тіршілікпен қамтамасыз етіп тұрған жүрек сияқты сом міндетті атқарып түрған сала. Тыл қызметі тоқтаса әскерде «жүрек соғуын тоқтатады», тұралайды, тоқырауға кетеді. Бұл шын. Сондықтан да қай уақыт, қай заман болмасын әскерде ең әуелі жауынгерлік даярлықпен қатар тыл даярлығына да аса мән берілген.
Жақында Ұлттық ұланның «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы қолбасшысының тыл жөніндегі орынбасары подполковник Нариман Көпеевпен ағымдағы атқарылып жатқан жұмыстары жайлы сұрап білген болатынбыз.
– Подполковник мырза, тыл қызметінің қыр-сырын, бүге-шүгесін жақсы білетін білікті азаматсыз. Осы ретінде осы сала жайлы жалпы ой-пікіріңізді естісек?
– Тыл қызметі әскердің айрықша құрамдас бөлігі. Жалпы алғанда мемлекеттік қорғаныс саласының толыққанды тіршілігін қамтамасыз етші стратегиялық буыны. Сондықтан да бірде-бір әскери мәселе тылдық жабдықтаусыз шешілмейді, шешілген емес.
Ұлттық ұланда қазіргі заман талабына сай жан-жақты жарақтандыру мәселесіне ұдайы басты назар аударылып келеді. Бұл ретте тыл қызметінің атқарар еңбектерінің орны айрықша.
«Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының тыл қызметі қолбасшылықтың әскери бөлімдерін материалдық-техникалық және әскери жабдықтау, шаруашылық және тұрмыстық қамтамасыз ету, күрделі құрылысты және құрылыстарға жөндеу-пайдалану қызмет көрсету, жабдықтар мен автомобильдік техникамен қамтамасыз етуді ұйымдастыруды жүзеге асыратын басқару органы болып табылады.
Тәуелсіздік жылдары Ұлттық ұланда тыл саласының әлеуетін арттыру, қызмет сапасын жетілдіру мақсатында бірнеше мәрте қайта реформалау сатыларына өтті. Осы жылдары нормативтік-құқықтық базасы жетілді, жаңа кәсіби білікті мамандар дайындалды. Жалпы алғанда, әскерді тылдық қамтамасыз етудің заманауи жүйесі жасақталды. Қазіргі таңда да Ұлттық ұлан елмен бірге көркейіп, даму үстінде. Ведомствоның күш-қуатын арттыру мен жетілдіруге Елбасы, ІІМ мен Ұлттық ұлан Бас қолбасшылығы тарапынан үлкен көңіл бөлініп отыр. Жыл сайын республикалық бюджеттен Ұлттық ұлан үшін бөлінетін қаражаттың ұлғаюы, соңғы жылдары әскеріміздің инфрақұрылымдарының жетілдірілуі – соның дәлелі. Осы жұмыстардың дер кезінде атқарылып, игілікке берілуіне дейінгі аралықта әрине тыл қызметкерлерінің көзге көріне бермейтін күнделікті тау-тау еңбектері жатыр. Сондықтан да әскердегі негізгі саланың бірі тыл қызметі.
– Өткен жылға қарап болашақты болжаймыз, келешекке жаңа межелер белгілейміз. Өткен уақыт бойынша атқарылған жұмыстарыңызды бір саралай кетсеңіз.
– Өздеріңіз білетіндей, жақында ғана Алматыда өткен 28 қысқы Универсиаданың ыстығы әлі басыла қоймағаны анық. Жас спортшыларымыздың жеңісті биіктері елімізді бір серпілтіп тастады. Осы тұрғыда «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылыққа да жүктелген жүк те аса жауапты болды, ол қоғамдық қауіпсіздікті жоғары деңгейде қамтамасыз ету міндеті. Осы орайда қолбасшылықтың тыл қызметі мамандары жауынгерлеріміздің алаңсыз қызмет атқарулары үшін жұдырықтай жұмыла жұмыс атқарды. Сарбаздарымызды жаңа киімінің көк, тамағының тоқ болып, еш таршылық көрмей, тек қырағылықты жандарына серік етулерін қадағаладық.
Енді басқа атқарылған жұмыстарымызға тоқталар болсам, өткен жылы Ұзынағаштағы әскери бөлімімізде 530 жатын орындық оқыту пунктінің құрылысын бастап, жүзеге асырдық. Осы қатарлы ауқымды деңгейде атқарылған жұмыстың қатарында Қызылордадағы 5547 әскери бөлімі мен Шымкенттегі 6698 әскери бөлімінің 4 атқыштар ротасының әскери қалашықтарына толықтай тұрғыда газбен жылыту жүйесін тарттық. Бұрын бұл орындар көмірмен жылытылатын. Ал қатты отынмен жылытудың өзіндік қиыншылығы бастан асып артылатынын айтпасамда өзіңіз біліп отырсыз. Қазір әскери бөлімдеріміз арзан, әрі сапалы, әрі экологиялық тұрғыда залалсыз көгілдір отынның игілігін көріп отыр.
Ендігі бір айрықша тап өтер мәселе ол – терроризмге қарсы қорғаныс жағдайы. Елбасы айтқандай, қазіргі таңда замана желі жыл санап емес, күн санап жеті құбылып отырғаны шындық. Ең бастысы адамзат баласы лаңкестік деген қатермен бетпе бет келіп отыр. Бұдан толықтай қорғанған бірде бір ел жоқ. Оған әлемде болып жатқан күнделікті оқиғаларды қарап-ақ аңғаруға болады. Өткен жылы 5 маусымда Ақтөбе қаласында 6655 әскери бөліміне діни экстремистердің шабуылы кезінде біздің ұландық жауынгерлеріміз ерліктің ерен үлгісін көрсетті, жан кеше отырып, лаңкестерге тосқауыл қойған болатын. Қазіргі таңда Ұлттық ұлан Бас қолбасшылығы тарапынан әскери қалашықтарымыздың терроризмге қарсы қорғаныстың жаңа жүйесін қалыптастыруда. Бұл бағытта «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығына 100 миллион теңгеден астам қаржы бөлінді. Өз кезегімізде, біз бұл қаражатқа әскери бөлімдеріміздің бақылау-өткізу пункттерін, сыртқы қоршауларын терроризм қауіпіне қарсы берік қорғаныс жүйесімен, оның ішінде заманауи дабыл, бейне бақылау жүйесімен жабдықтайтын боламыз.
Сонымен қатар өткен жылы негізгі атқарылған шаралардың қатарын әскери бөлімдерде жүргізілген күрделі жөндеу жұмыстары құрады. Атап айтқанда, 5571, 6506 әскери бөлімдерінің автотұрақ нысандары өткен жылғы қалың қыстан сыр беріп, шатырлары жарымсыз күйге түскен болатын. Әзір бұл кілтипандардың бәрі қалыпқа келтірілді. Оған арнайы қаражат бөлініп, жөндеуден өткізілді.
– Әскери қызметшілердің әлеуметтік мәселесін шешу мемлекеттік өзекті мәселелердің бірі. Осы бағытта «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталсаңыз?
– Иә, сауалыңыз орынды. Ұлттық ұлан Бас қолбасшысы генерал-Лейтенант Руслан Жақсылықов бұл бағытта атқарылатын жұмыстарға ұдайы баса назар аударып келеді. Өткен жылы 1 желтоқсан – Президент күніне орай Ұлттық ұлан Бас қолбасшылығының 40-тан аса әскери қызметшісіне қызметтік пәтерлер берілгені сөзімізге нақты дәлел.
Бүгінгі таңда «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы басқармасында 28 әскери қызметші үй кезегінде тұр, ал мұнан өзге 22 әскери қызметші пәтер жалдағаны үшін тиісті мемлекеттік өтемақыны алады. Айрықша атап айтарым, биылғы жылы көптеген әскери қызметшілеріміз қоныс тойын тойлап, көптен күткен баспаналарына қол жеткізеді демекпін. Қазір пәтермен қамтамасыз ету үшін Бас қолбасшылықтан 215 миллионнан аса теңге қаражат бөлінді. Мұнан өзге Алматы қаласындағы 7552 әскери бөлімінің қызметтік жатақханасы толықтай күрделі жөндеуден өткізілетін болады.
Сұхбаттасқан майор Арман ӘУБӘКІРОВ,
Алматы қаласы
«The Qazaq Times»