Грузияда жексенбі күні өткен президент сайлаудың бюллетендері саналып болды. Бірақ, алғашқы айналымда кандидаттардың ешбірі де басым дауыс жинап кете алмады. Бұл туралы BBC хабарлады.
Осыдан бұрын «Грузин арманы» партиясы сайлау туралы алдын-ала халықтық сауалнама жүргізген еді. Соған негізделе отырып, аталған партия өз үміткері бірінші айналымда-ақ 52 пайызбен басым түседі деп болжаған. Алайда, жексенбідегі сайлау нәтижесі олай болмай шықты.
Берілген дауыстың 98,5 пайызы саналып болғаннан кейінгі қорытынды бойынша, «Грузин арманы – Демократиялық Грузия» партиясының үміткері Саломе Зурабишвили алға шықты. Сайлаушылардың 38,6 пайызы қолдау көрсеткен. Алайда, бірінші айналымда ұтып шығу үшін оған 50 пайыздан жоғары болған дауыс саны керек еді.
Екінші орында 37,75 пайыз дауыспен оппозицияның үміткері Григол Вашадзе тұрды. Ол да алдағы сайлауға қатыса алады. Грузиядағы кезекті президент сайлауда 25 кандидаттың есімі бар.
«Еуропалық Грузия» партиясының атынан қатысушы үміткер Давид Бакрадзе алғашқы айналымда өзінің ұтылғанын мойындады. Ал, сайлаудың толық нәтижесі бүгін түнде жария болмақ.
Жексенбі күні сайлауға грузиялық дауыс беру құқығы бар адамдардың 46,74 пайызы қатысқан. Конституциясы бойынша президент алты жылға сайланады. Сондай-ақ, жаңа Конституция негізінде бұл жолы сайланған президенттің құқықтары белгілі шектеулерге ұшырайтын болады.
Сайлаудың нәтижесіне негізделгенде Грузияның жаңа президенті екінші реткі сайлауда анықталатын болмақ.