Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да «Рухани Жаңғыру» бағдарламасы аясында «Жастар Көкпар Лигасы» мен ҚазҰУ-дың ұйымдастыруымен ұлттық спортымызды дамыту мақсатында «JKL PROFI 3x3» форматында кәсіби көкпар командалары арасында тартысты көкпар ойыны өтті.
Аталмыш тартысты ойынды тамашалауға ҚазҰУ ректоры Ғ. Мұтанов, Түркі дүниесі Журналистер федерациясының президенті Мендерес Демир мырза мен түрік делегациясы, және де «Жастар Көкпар Лига» кеңесінің президенті Данияр Дәукей мен ұлттық спортымыздың жанашырлары жиналды.
Түркі дүниесі Журналистер федерациясының президенті Мендерес Демир мырза өз кезегінде Қазақстанда ұлттық спорттың қарыштап дамып келе жатқандығына өз ризашылығын білдірді. «Мен сіздердің оқу орындарыңызды аралау барысында қаншалықты халықаралық деңгейде дамып келе жатқандығына куә болдым. ҚазҰУ әлемнің 250 үздік университетінің қатарына еніп, әлем алдындағы беделі қарыштап дамып келеді. Білім мен ғылымды дамытумен қатар өз дәстүрлеріңізге де қаншалықты берік екендеріңізге бүгінгі көкпар ойыны дәлел. Көкпар бұл түркітілдес елдерге ортақ ұлттық ойын, өкінішке орай арамыздан жыл санап ұмыт болып барады. Осы орайда мен қазақ жастарының осы ұлттық спортқа деген ерекше махаббаттарын көріп, өзімізге үлгі ретінде алып отырмын. Алдағы уақыта көкпар ойынын Түркияда, Европада, тіпті бүкіл әлемге жарнамалап, қайта жаңғырту жолында белсене жұмыс атқаруға дайын екенімізді жеткізгім келеді», – деді Мендерес Демир.
Жалпы «JKL PROFI 3x3» форматы Көкпарды қалалық жерлерде дамытуға өте оңтайлы формат болып саналады. Яғни бұл форматта ойын өткізу алаң аумағының кіші және көкпаршылар санының аздығын кедергі санамайды, бұл формат елімізде кең таралуда.
Перизат Жарылқасынова