АҚШ-тың ұлттық қауіпсіздік жөніндегі кеңесшісі Жон Болтон сейсенбі күні Мәскеуде Ресей президенті Владимир Путинмен кездесті. Ол кездесу кезінде Трамптың 1976 жылы АҚШ-Кеңес одағы арасында қол қойған ядролық келісімнен бас тартқысы келетінін және оның себебін түсіндірді.
1976 жылы 31 наурызда АҚШ пен Кеңес одағы арасында ядролық қаруды сынау және пайдалану туралы келісім шартқа қол қойылған. Өз кезегінде Трамп Ресейді аталған шартты бұзды деп айыптаған болатын. Бірақ, бұны Ресей жоққа шығарған. Керісінше, АҚШ-тың Еуропада орнатқан зымыран қорғаныс жүйесі аталған келісімшартты бұзған болып саналатынын алға тартқан еді.
Ресейдің СІМ басшысы Сергей Лавров Мәскеу тарабы Болтонның жеткізген сәлемін сарапқа салып барып, бір шешім қабылдайтынын айтты. Ол сөзінде: «Біз бұл туралы талай мәрте мәлімдеме жасаған болатынбыз. Президент Путин жақында Сочиде өткен форумда сөйлеген сөзінде де бұл мәселені атап өтті. Яғни, кез келген әрекеттің жауабы болады. Себебі, күш қуаттың өзі стратегиялық теңдік болмақ. Қалай болғанда да, біз күш паритетін сақтаймыз. Біз жаһандық тұрақтылық үшін кепіл боламыз әрі, АҚШ-тың да бұл жауапкершіліктен бас тартпауын үміт етеміз», – деді.
Болтон дүйсенбі күні Ресей Қауіпсіздік комитетінің хатшысы Никола Патрушевпен өткен кездесуде, «қырғиқабақ соғыс» кезінде қол қойылған екіжақты келісімнің бүгінгі күнде қолданылмайтынын, өйткені бүгінгі жаһандық қауіпсіздік жағдайында басқа елдер де құрлықаралық басқарылмалы ракеталарды жасап жатқанын алға тартқан.
Бүгінгі күндегі әскери державалардың алдынғы үштігіне кіретін Қытай аталған шартқа қол қоймаған. АҚШ қорғаныс ведомстволарының мәліметтеріне қарағанда, Қытай аталған шартпен шектелетін қаруларды өндіру мен орналастыруда бақылаусыз күйде. Ал оған тыйым салуға АҚШ-қа Кеңес одағымен жасасқан ядролық келісім кедергі келтіреді.
Дәл, осы мәселе жөнінде Қытай тарабы дүйсенбі күні мәлімдеме таратып, Құрама Штаттың біржақты келісімнен шығуы көптеген жағымсыз істерге әкеліп соғатынын, сондай-ақ, келісімнен бас тартуға Қытайды көлденең тартуы дұрыс емес деп айыптады.
Дүйсенбі күні Ақ үйде өткен баспасөз жиыны кезінде, президент Трамп журналистердің аталған ядролық келісім шарт туралы сұрақтарына жауап беріп, егер Ресей, Қытай, тағы басқа да елдер Құрама Штаттармен қару-жарақтарын бақылау туралы келіссөз жүргізбесе, АҚШ-та басқа таңдаудың жоқ екенін, өзінің ядролық мүмкіндіктерін жаңартуға көп қаржы аударатынын айтқан.
Ол және сөзінің соңында бұл Ресей мен Қытайға және АҚШ-пен осы ойынды ойнағысы келетін кез-келген елге жасалған ескерту екенін айта кеткен.
Ресей Мәскеуге келген америкалық қонаққа бірден жауап бермеді. Себебі, шынында да бұл мәселе жаһандық қауіпсіздік пен тұрақтылыққа саятын салмақты түйіндердің бірі. Алайда, Ресей мен Қытай түрлі себептерді көлденең тарта отырып, АҚШ-пен ядролық қаруларды бақылауға алатын жаңа келісім жасасудан бас тартып келе жатқаны айқын. Ядролық арсеналын жаңарту Трамптың президент болғаннан кейін жасаған маңызды қадамдардың бірі. Бұл әрине Ресейдің де осыған ұқсас әрекеттерге баратынын көрсетеді. Бұған үшінші болып Қытайдың да өз ядролық қуатын арттыруға тырысатыны анық. Сондықтан да бұл мәселе турасында әлемнің ядролық елдері ортақ келісімге келуі және оның ертерек болуы бейбітшілік үшін, қауіпсіздік пен тұрақтылық үшін аса қажетті болып отыр.