Ресей Сыртқы істер министрі Сергей Лавров ресейліктердің Нидерландыға барған сапарында химиялық қаруды пайдалануға тыйым салатын ұйымның мәліметтері ұрланбаған деп мәлімдеді.
Италияның Сыртқы істер министрімен бірге өткен баспасөз конференциясында: «Осы жылдың сәуір айында ресейлік мамандардың Гаагаға сапарында құпия ештеңе болған жоқ. Олар қонақ үйге, әуежайға және біздің елшілігімізге барған кезде де жасырын әрекет жасаған жоқ», – деді Лавров.
Лавровтың айтуынша, Ресей азаматтарын еш негізсіз тұтқынға алу түсінбеушілік туғызады. «Голландиялық баспасөз беттерінде бұл адамдардың кибершабуылмен айналысқаны туралы ақпарат жарияланды. Біздің тарап осы оқиғаның басын ашпақ болып, Нидерланды елшісін Сыртқы істер министрлігіне шақырып, егжей-тегжейлі сұрадық. Бірақ олар нақты дереккөздерін көрсете алмады», – дейді.
Гаагадағы тергеу
Скрипаль оқиғасынан кейін Ресейдің экономикалық жағдайына орасан зор нұқсан келуде. АҚШ пен Ұлыбритания жолдаған толассыз санкциялар ресейлік нарықты қос бүйірден қысып тұр. Бұл қатарға голландиялық тергеу де қосылды.
Өткен аптада Нидерландының Қорғаныс министрлігі Гаагадағы химиялық қаруға тыйым салу жөніндегі ұйымның штаб-пәтерінің компьютерлік желісін бұзғысы келген төрт ресейлік қызметкердің елден қуылғанын хабарлаған болатын. Осыдан кейін ХҚТҰ Сүриядағы химиялық шабуылдарды және барлау басқармасының бұрынғы қызметкері Сергей Скрипаль мен оның қызы Юлияның Солсберидегі улануына қатысты қозғалған істі тексеруге қатысты. Зерттеуден соң голландтық Қорғаныс министрлігі Скрипальді улауға жіберілген адамдардың аттарын атады. Голландиялық әскери барлаудың мәліметтері бойынша, төрт күдікті Ресей бас штабының арнайы қызметкерлері. Осы күдіктілердің бірі Донбасста MH-17 рейсінің апатқа ұшырауы туралы файлдарды хакерлік жолмен ұрлаған.
Баспасөз мәслихаты барысында Ұлыбритания өкілі аталған әскери бөлімнің қызметкерлері осы жылдың наурыз айында Сергей Скрипаль уланғаннан кейін Британ Сыртқы істер министрлігінің желілеріне шабуыл жасағанын айтты. Халықаралық зерттеулер мен деректерге қарамастан, өзіне тағылған айыптардан әдеттегідей жалтарып отырған Ресей тарапын голландиялық баспасөз «нағыз шпионаж ұйымдастырушылар» – деп айыптады. Ал Британия басылымдары «енді Ресейдің күлуге де мұршасы болмайды» – деген.