Италияның Турин қаласынан бастау алған қысқы Универсиада алауы – Қазақстанда. Тарихи сәт есебінде алау табыстау эстафетасы Қазақ спорт және туризм академиясынан бастау алды.
Қазақстан мен Ресей елдері үшін маңызды спорттық шара туралы арнайы баспасөз конференциясы ұйымдастырылды. Оған Қазақстан ұлттық студенттік спорт Одағының Президенті, FISU атқару комитетінің мүшесі Қайрат Закирьянов, Халықаралық студенттік спорт федерациясының президенті Олег Матицын, Ресей Федерациясы министрінің орынбасары, статс-хатшы Наталья Паршикова, Ресей студенттік спорт одағының Президенті Сергей Сейранов, Красноярск өлкесінің спорт министрінің міндетін атқарушы Сергей Алексеев, «Дирекция Красноярск – 2019» ҰАО-ның бас директоры Максим Уразов қатысты.
Қазақ спорт және туризм академиясының Президенті Қайрат Закирьянов: «Елімізде 2017 жылы өткен Әлемдік қысқы XXVIII универсиада спорт тарихында ең үздік деп танылса, алау Қазақстанның киелі 16 өңірін аралап, Алматы қаласының «AlmatyArena» спорт кешенінде жанған болатын. FISU бізге ең маңызды миссияны сеніп тапсырды, ал біз бұл жауапкершілікті абыроймен атқарып шықтық. Президент Н.Назарбаев өз сөзінде универсиадаға дейін еліміздің жастарының 15 пайызы ғана спортпен шұғылданса, шарадан кейін бұл көрсеткіш 45 пайызға артқанын атап өткен болатын. Бұл дегеніміз біздің универсиаданың алға қойған мақсатына жеткенін көрсетеді», – деп салтанатты шараны ашты.
Ресей Федерациясы министрінің орынбасары, статс-хатшы Наталья Паршикова «Мен қазіргі Қазақ спорт және туризм академиясының түлегі екенімді мақтан тұтамын, алғаш табалдырығын аттағанда қатты тебіреністе болдым. Бүгінгі күнде мен спорт әлемінде үлкен табыстарға қол жеткізсем, сол үшін осы шаңыраққа қарыздармын деп есептеймін. Бұл мәртебенің Алматы қаласына берілуі – тарихи оқиға, ал оның алғышарты 2017 жылы өткен Әлемдік қысқы XXVIII универсиада болатын. Алау эстафетасын Алматыда қарсы алуға мұрындық болған Академияның Президенті Қайрат Қайроллаұлына үлкен алғысымды білдіргім келеді», – деді. Халықаралық студенттік спорт федерациясының президенті Олег Матицын университеттік спартакиаданың дамуына зор үлес қосып әрі осы бастаманың жаршысы болып отырған Академия Президентіне өз құрметін білдіріп, Қазақстанда спорттың зор қарқынмен дамып келе жатқандығын атап өтті.
Өз кезегінде сөз алған Ресей студенттік спорт одағының Президенті Сергей Сейранов қазіргі таңда университеттік спартакиаданың маңызы артқанын, бұл жас спортшылар үшін олимпиадаларға қадам жасаудың алғашқы баспалдағы әрі олимпиадалық сайыспен пара-пар болып отырғанын айта келіп, Ресейлік, көркем гимнастикадан Олимпиаданың екі дүркін чемпионы Евгения Канаеваның спорттағы жанкештілігін үлгі етті. Ол 2008 жылы Олимпиада чемпионы атанса да, 2009 жылы Белградта өткен Универсиадаға қатысып, спорттың 5 түрінен алтын медальға қол жеткізді. Евгения Канаеваның бұл табандылығы барлық спортсмендерге үлгі болуы керектігін айтты.
Айта кетер жайт, алау эстафетасы 20-ші қыркүйек Италияның Турин қаласында басталған. Алматыда FISU өкілдері мен «Қысқы универсиада – 2019» эстафетасын ұйымдастырушылар колбадағы алауды Қытай Халық Республикасына табыстады. Келесі Алау Эстафетасының кезеңі осы елдің Харбин қаласында өтеді. Қыркүйектің 29-ы эстафетаның Ресейдегі кезеңі басталып, сол елдің 30 ірі қаласы қабылдайды. Спорттық шара 2019 жылы наурызға дейін жалғасып, студенттер ойындарының астанасы Красноярскте аяқталады.
Баспасөз конференциясының соңы салтанатты шараға ұласты. Универсиада алауын салтанатты түрде Қазақ спорт және туризм академиясының ректоры, Ph(D) Бауыржан Закирьянов боскстан Олимпиада чемпионы Ермахан Ибраимовқа табыстады.
Қазақ спорт және туризм академиясы еліміздегі халықаралық спорттың мәртебесін арттыратын шараларды ұйымдастыра бермек.