Президент Хасан Рухани Иранның Ахваз қаласында орын алған терактіден кейін АҚШ-қа қарсы мәлімдеме жасады, - деп хабарлайды Би-би-си.
Рухани аталған терактіге АҚШ пен оның қолдауына ие Парсы шығанағы елдерін кінәлайды. Иран лидері Ислам мемлекетінің мұндай қылмыстарға «одан әрі шыдай алмайтынын» мәлімдеді. «Бұл қылмысты кімнің ұйымдастырғаны бізге айдан анық. Әрі оның кімдермен байланысы бар екені де түсінікті», - деген Рухани. Оның айтуынша, Парсы шығанағы елдерінің бірі осы терактіні орындаушыға «қару-жарақпен және қаржылық-саяси тұрғыдан» қолдау көрсеткен. «Аймақтың (Парсы шығанағы) қуыршақ мемлекеттеріне АҚШ қолдау көрсетеді. Америка оларды арандатқанымен қоймай, қажетті көмектермен қамтамасыз етеді. АҚШ әлемге өзінің бұзақылық болмысын көрсетіп, біржақты саясатын жалғастыруда», - деді Рухани.
Иран президенті «қуыршақ елдер» дегенімен, нақты қай елдер екенін анық айтпады. Дегенмен, оның сөзінен Иранның аймақтың қарсыластарын, атап айтар болсақ, — Сауд Арабиясы, БАӘ және Бахрейн елдерін меңзегенін түсінуге болады дейді сарапшылар.
Жексенбі, 23 қызкүйекте Иранның Сыртқы істер министрі осы терактіге қатысты жасалған «біржақты мәлімдемесіне» қарсы қарсылық ретінде БАӘ тарапын шақырған болатын.
Еске салайық, 22 қыркүйек, сенбі күні белгісіз біреулер Иранның Ахваз қаласында өткен әскери шеруде оқ атқан еді. Кейін көп ұзамай, талған шабуылды төрт адам жасағаны белгілі болды. Олардың екеуі оққа ұшып, қалған екеуі қамауға алынған. Осы аталған теракт салдарынан 12 әскер мен шеруге келген бейбіт тұрғындарды қосқанда, барлығы 25 адам қаза тапқан. Кейін, терактіні ДАИШ террорлық ұйымы өз мойындарына алғанмен, Иран билігі бұл ақпаратты жоққа шығаруда.