Украина президенті Петро Порошенко Украина мен Ресей арасындағы Достық, Ынтымақтастық және серіктестік келісімінің күшін жою туралы жарлыққа қол қойды, - деп хабарлайды trt.net.tr.

Күші жойылған келісімге 1997 жылы қол қойылып, ол екі ел арасындағы құжаттардың маңыздысы әрі ең бастысы болып келген. Сондықтан да, осы құжаттың аясында аталған екі ел «стратегиялық серіктес» ретінде танылып келген-ді. Енді, Украина президенті Порошенко қол қойған жарлық осы маңызды құжаттың күшін жойды. Бұған дейін Украинаның Сыртқы істер министрі Павел Климкин Украинаның Ресеймен арадағы барлық келісімшарттарды қайта қарауға бағытталған нақты жоспары бар екенін, соның аясында Киевтің халықаралық соттағы позициясын сақтау жоспарланғанын мәлімдеген еді.  «Ресей Федерациясымен арадағы барлық келісімшарттарды тексеру біздің келісімшарттық базамызды толықтай қайта қарауымызды білдірмейді. Оның артында үлкен стратегия бар», - деген болатын П.Климкин.

Министр сол кезде Украинаның Ресеймен арадағы Достық, Ынтымақтастық және серіктестік келісімінің ешқашан үзілмегенін атай келе: «Ресеймен арадағы келісімшарттық-құқықтық база толықтай қайта тексеруден өткізіледі. Әрбір келісімшарттың соңында оның қалай аяталатыны туралы ереже бар. Әрі бізде өзіміздің ішкі жоспарларымыз жетеді. Егер, оларды жариялайтын болсақ, Ресей оны сот істерінде бізге қарсы қолданатын болады», - деген еді. Енді, сол жоспарларының жемісі ретінде,  Украина тарапы Ресеймен арадағы Достық, Ынтымақтастық және серіктестік келісіміне нүкте қойды.

“The Qazaq Times”