III-Дүниежүзі көшпенділері ойынын көруге шетелден 70 мыңға жуық турист келген. Бұл 2016 жылмен салыстырғанда үш есеге көп деп мәлімдеді Қырғызстан туризм департаментінің басшысы Азамат Жамангулов.

Оның сөзінше, 2016 жылы ойындардың ашылу салтанатын тамашалауға Қыршын жайлауына 30 мыңға жуық адам келсе, биылғы ашылу рәсіміне 150 мың адам келген. 2016 жылы ойындарға 20 мыңға жуық шетелдік келген, ал биыл олардың саны 60 мыңнан асқан.

Үшінші Дүниежүзі көшпенділер ойындарында 56 елден 50 телеарна, 12 радиостанция, 67 ақпарат агенттігі мен 48 газеттен 600-ден аса журналист хабар таратқан.

Көшпенділер ойындарының қорытындысы бойынша, жалпы есепте 40 алтын, 32 күміс және 31 қола медаль алған Қырғызстан командасы бірінші орын иеленген.

Екінші орын алған Қазақстан командасының қоржынында 18 алтын, 24 күміс және 34 қола медаль бар.

Үшінші орынды 17 алтын, 12 күміс және 27 қола медаль ұтқан Ресей командасы еншіледі.

Бұдан кейінгі орындарда Түркіменстан (27 медаль), Өзбекстан (33 медаль), Венгрия (12 медаль), Иран (12 медаль), Украина (9 медаль), Моңғолия (17 медаль) және Түркия (6 медаль) командалары тұр.

Ойындардың жалпы жүлде қоры 28 миллион сомды (403 мың доллар) құраған.

Қырғызстан Дүниежүзі көшпенділер ойындарын алғаш рет 2014 жылы өткізді. 2016 жылы екінші ойындар өтті.

Келесі, төртінші Дүниежүзі көшпенділер ойындары 2020 жылы Түркияда өтеді.

"The Qazaq Times"