Әлемнің алып елдерінің арасындағы сауда келіспеушілігінің, яғни сауда соғысының Дүниежүзілік саудаға тікелей әсер етуі ДСҰ-ның жалпы құрылысының өзгертілуіне дейін әсер етіп отыр. Еуропа одағы АҚШ пен Қытай тауарларына салынған салықтың артуына байланысты Дүниежүзілік Сауда Ұйымын реформалауға ниетті. Бұл туралы Одақтың ресми мәлімдемесіне сілтеме жасап «24heures.ch» хабарлайды.
Еуроодақ өкілдерінің хабарлауынша, 2018 жылдың қыркүйегінде Брюссельде ЕО, АҚШ және Жапонияның сауда министрлерінің қатысуымен келіссөздер жүргізілмек. Осы кездесуден кейін Еуроодақ аталған ұйымның реформасына қатысты жоспарларын ұсынбақ. Сарапшылардың мәліметінше, онда сауда шығындарын қысқарту және ДСҰ-дағы дау-тартыстарды реттеу жүйесін қалай жасау керектігі, сонымен қатар, ұйымның жұмысын жақсарту назарға алынбақ. Негізі, өткен айда да ұйым басшысы Роберто Азеведо ұйымдағы жағдайға байланысты келіссөздер өткізілуі туралы хабарлап: «Жағдай өте қиын. Әлемдік көптеген лидерлер Дүниежүзілік Сауда Ұйымы аясында келіссөздер өткізіп, бір шешім табу керектігін әлдеқашан түсінді», - деген.
Еуропа комиссиясы өткен айда, яғни, 5 шілдеде ұйымның сауда саясаты жөніндегі комитетіне қол қойылған құжат жолдаған еді. Ол құжат ДСҰ-ның жұмыс ережелері мен құрылымдарын жақсарту бойынша ұсыныстарды қамтыған.