АҚШ мемлекеттік хатшысы Помпео Пиоңяңға (Пхеньян) жоспарлаған сапарын кенеттен күшінен қалдырды. Осыған байланысты жексенбі күні КХДР үкіметі өзінің ресми БАҚ-ы арқылы АҚШ-Солтүстік Корея саммитінен бергі ең қатаң айыптауын жасады. Бұдан бір апта бұрын ғана Солтүстік Кореяның ресми басылымдары АҚШ туралы жұмсақ позицияда болған еді.
КХДР-ның ресми басылымында жарияланған мақалада: «Жақында Жапониядағы АҚШ арнайы күштері Филиппинге әскери-көліктік әуе кемелеріне арналған ұзын ауқымды инфильтрациялық тренинг өткізді», – деп мәлімдейді. Бұл әрекетті «АҚШ-тың дұрыс емес және қарақшылықпен жасаған «алғашқы ядролық қарусыздандыру» сюжетінің орындалмай қалғанына қарсы ҚХДР-ға соғыс жоспарын жасап жатқаны» деп көрсеткен. Әрі, «бұл диалогтардың көзбояушылық екенін көрсетеді» делінген.
Алайда, АҚШ-тың Жапониядағы әскерлерінің бұндай әрекетін Пентагон тарабы растаған жоқ.
Солтүстік Корея тарабы болса: «АҚШ келіссөзге күлімсіреп келді, бірақ кейінгі кезеңде арнайы күштерді жаттықтыруы келіспеушілікті тудырады», – дейді.
Өткен аптада Трамп өзінің әлеуметтік желідегі парақшасына, АҚШ пен Солтүстік Кореяның Корей түбегінің ядролық жағдайы туралы жеткілікті деңгейде келісімге келе алмағанын, сондықтан да мемлекеттік хатшының Пиоңяң сапарын күшінен қалдырғанын растаған еді. Ол осы мәлімдемесімен қатар, АҚШ-Қытай сауда соғысы Қытайдың құлдырауына алып келуі мүмкін екенін де ескерткен болатын.