2018 жылғы тамыздың 20-ы мен 25-і аралығында Қарағанды облысының «Спасск» оқу-жаттығу орталығының базасында «Алтын үкі – 2018» VIII халықаралық мергендер сайысы өтеді. Бұл туралы ҚР Қорғаныс министрлігі ресми хабарлады. 

«Алтын үкі» кубогына әлемнің 11 елінен, айталық – Ауғанстан, Белоруссия, Бельгия, Ұлыбритания, Үндістан, Италия, Қытай, Қырғызстан, Қазақстан, Пәкістан, Ресейдің мергендері бақ сынасады.  Бақылаушылар ретінде сайысқа  Америка Құрама Штаттары, Біріккен Араб Әмірліктері, Оңтүстік Корея мен Түркияның өкілдері қатысады. Бес күн бойы мергендер әртүрлі қашықтықтан, жылдамдықтан, әртүрлі нысаналар бойынша оқ атудан, күндізгі және түнгі уақытта жүріп өткен жерлерін бағдарлау бойынша  бәсекеге түседі.

«Алтын үкі» халықаралық сайысы 2008 жылдан бастап өткізіліп келеді. Аталған елдердің арасында сайысқа алғаш рет қатысқалы отырғандары да бар. Сайысты жоспарлау мен ұйымдастыру кезінде АҚШ, Иордания, Белоруссия, Ресей және әлемнің өзге елдерінің мергендер сайысына бірнеше мәрте қатысқан қазақстандық сұрмергендердің  тәжірибесі ескерілді. Мергендер өнерінің Азиялық форумы аясында өткізілетін «Алтын үкі» кубогының ойнатылуы мықты кәсіби байланыс орнату және сайыс қатысушылары арасында тәжірибе алмасу міндеттерін жүктейді.

“The Qazaq Times”