Сауд Арабиясы бастаған коалиция күштерінің Йемендегі үкіметке қарсы Хусит күштеріне жасаған кешегі шабуылы кезінде 43 адам қаза тапқан. Мәліметтерде, қаза болғандардың басым көбі балалар екені айтылуда. Йеменге көмек көрсетуші халықаралық ұйымдар мен агенттіктер бұл іске күшті қарсылық танытты. Бұл туралы VOA ақпараттық қызметі хабарлады.

Бейсенбі күні жасалған шабуылда 60-тан астам адам жарақат алған. Сауд Арабиясы бастаған коалиция күштерінің атқан бір зымыраны жазғы лагердегі оқушыларға арналған автобусқа келіп тиген. Жергілікті теле арналар таратқан хабарда, ауруханаға жеткізілген балалардың қатты үрейленгендіктен жылауға да шамалары келмей қалғанын анық байқауға болады.

Сауд Арабиясы жағы Хусит күштері балаларды қалқан ретінде пайдаланды деп айыптады. Ал Хусит күштері бұл айыптауды терістеді.

Құрама Штат болса Иран қолдау көрсеткен Йемендегі үкіметке қарсы Хусит күштеріне қарсы күресте Сауд Арабиясы басқарған коалицияны жақтап келеді. АҚШ Мемлекеттік департаментінің ресми өкілі Хеатер Науерт сөзінде: «Коалиция күштері бұл іске тергеу жүргізуге уәде берді және біз олардың сөзіне сенім артамыз. Бұл іске қатысты біз олармен тығыз байланыста боламыз», – деді.

Бейсенбі күнгі шабуыл Саада провинциясындағы қақтығыс тоқтатылған аймақта болған. Бұл Сауд Арабиясының шекарасына жақын аймақ. Әрі кезекті шабуыл содан екі күн бұрын Сауд Арабиясына бағытталған зымыран шабуылына берген жауап екені мәлім. Сейсенбі күнгі зымыран шабуылында 1 адам қаза тауып, 11 адам түрлі жарақат алған болатын.

Айта кетейік, Иранның қолдауындағы Хусит күштері 2014 жылы үкіметке қарсы соғыс бастап, ел орталығы Сана қаласын басып алған. Батыс қолдауындағы Йемен үкіметі Сауд Арабиясына бас сауғалаған. Ал, осыдан 3 жыл бұрын Сауд Арабиясы басқарған коалиция күштері Йеменге кіріп, ондағы Хусит күштерін тазалау соғысын бастаған. Дегенмен, соғыста ең көп зардап шеккендер тағы да йемендік жазықсыз бұқаралар болды. 4 жылдан бергі соғыс Йемендегі мектеп, аурухана, тұрғын үй, бала бақшаларды қиратып, миллиондаған адамды ашаршылыққа ұшыратты.

“The Qazaq Times”