Израиль сәрсенбі күні Газа секторына әуе шабуылдарын бастады. Бұған қарсы Палестина азаттық қозғалысына қарасты күштер Израиль шекарасына қарата зымыран шабуылын жасады. БҰҰ-ның Таяу Шығыстағы бейбітшілік процесі жөніндегі арнайы өкілі Младов Палестина мен Израиль арасында кезекті қақтығысқа алаңдаушылық білдірді.
Израиль қарулы күштерінің айтуынша, израильдік әскери ұшақтар ХАМАС-қа тиесілі оқу-жаттығу алаңдары мен қару-жарақ қоймаларын шабуыл нысанасы еткен. Әрі, бұл әрекеттері өздеріне қаратылған зымыран шабуылына алдын ала берілген жауап екенін айтқан. Израиль қарулы күштерінің мәлімдемесінде: «Кезекті қақтығыстың барлық жауапкершілігі ХАМАС-тың мойнында», – делінген.
Палестина ресми өкілдерінің айтуынша, әуе шабуылынан жазықсыз әйел мен баласы қаза тапқан.
Ал, Израиль тарабы берген мәліметте, сәрсенбі күні кештен бастап, Израильге қарата 80 зымыран атылғаны айтылады.
БҰҰ-ның Таяу Шығыстағы бейбіт процесіне арнайы өкілі Младов сөзінде: «Егер бұл реткі қақтығыс дер кезінде тоқтатылмаса, шиеленісті шешудің жолы азайып, түбінде екі елдегі халық та зардап шегетін болады», – деді.
Бұл реткі қақтығысқа дейін Израиль мен ХАМАС арасында келіссөздер жасалып, төртінші рет соғысты тоқтату келісіміне келген еді.
Хамастың жоғары лауазымды адамы Халил әл-Хайя «әл-Жазираға» берген сұхбатында: «БҰҰ мен Мысырдағы іс-қимылдар елеулі нәтижеге қол жеткізеді деуге болады. Біз осы жасалып жатқан шаралар оң нәтиже береді деп үміттенеміз», – деген.
Израиль Парламент мүшелерінің бірі: «Біз Газа мәселесі бойынша жаңа дәуірдің басталғанына сенеміз», – дейді.
Палестиналықтар наурыздан бері қарай Газа мен Израиль шекарасында наразылық шеруін жалғастырып келеді. Ал, Тель-Авив тарабы болса сол уақыттан бастап Израильдің құрылғанының 70 жылдығына дайындалған еді. Наурыздан бері қарай Израиль армиясы тарабынан 158 адам өлтірілген. Алайда, еврей жасақтары олардың көбі Израильге кіруді мақсат еткен радикал күштер деп қарайды.
Бұдан бұрын Тел-Авив Хамас ұйымы террорлық әрекеттерді жасыру үшін осы наразылық шарасын ұйымдастырды деп мәлімдеген. Алайда, Хамас оны жоққа шығарды.