Зерттеушілердің айтуынша, ауаның ластануынан әлемде жыл сайын шамамен 5,5 миллион адам мезгілсіз қайтыс болады. Бұл туралы BBC хабарлады.
Электростанциялар мен түрлі транспорттардан, сондай-ақ көмірдің жануынан туындайтын токсинді микробөлшектермен тыныс алу – жүрек ауруы мен өкпенің қатерлі ісігіне шалдықтырады.
Зерттеу қорытындысы бойынша, ауаның ластануы жай ғана семіздікке, нашақорлыққа әкеліп соқпайды, оның салдарынан жер бетіндегі тіршілік иелері өмірімен қоштасады екен. Соның ішінде, ластану салдарынан адам өлімі көп орын алған елдердің көшін Қытай мен Үндістан бастап тұр.
Ауаның ластануына тағы бір себепкер ретінде – полиэтиленді пакеттерді жатқызуға болады. Күнделікті дүкеннен алған тауарларыңды салып шығатын пакетің немесе қарапайым сатып алып жүрген пластмасс ыдыстағы сусынды зиянсыз деп есептейтіндер көп. Шын мәнісінде, ең қауіпті факті – осылар. Оларды белгілі бір қоқыс орнына не теңіз маңына апарып төгетінін, артынан өртейтінін бәрі біледі. Сөйте тұра барлығы пайдаланады. Себебі, амал жоқ. Олар арзан, тиімді, әрі бір рет қана пайдалануға арналған. Матадан жасалған дорбалармен қоқыс шығар алмайсың, оны жуып жатуға бойдағы жалқаулық тағы жібермейді. Қайтпек керек?
Естуімізше, Германияның бірқатар қалалары полиэтиленді тауарлардан (пакет, пластмасс ыдыс) біржола бас тартқан. Дүкеннен зат сатып алса да, өздерінің матадан жасалған дорбасына салып алып кететін көрінеді. Ал сусындар мен кейбір заттар арнайы зиянсыз құтыларда сатылады. Жақсы бастама.
Сонымен қатар, Италия, Аустралия, Сингапур, Гавайи, Ирландия да полиэтиленді пакеттерден бас тартқан мемлекеттер қатарына жатады. Олар арнайы қағаздан жасалынған пакеттерді арзандатып, қарапайым полиэтиленді пакеттердің бағысын 2-3 есе қымбаттатып жіберген. Әрине, халық арзанын таңдайды. Есесіне, өзен-көлдер таза болады, ауа ластанбайды.
«The QazaqTimes»