2018 жылдың 13-15 шілде күндері,  Петропавл қаласында, Сегіз сері Бахрамұлының 200 жылдығына арналған «Ер Жәнібек» халықаралық қоғамдық қоры мен Солтүстік Қазақстан облысының әкімдігінің ұйымдастыруында, дүниежүзі қазақ жастары арасында шағын футболдан дәстүрлі «ER JANIBEK CUP-2018» турнирі өтті. 

Туринердің ашылу салтанатына Солтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Жандарбек Дәурен мен «Ер Жәнібек» халықаралық қоғамдық қорының төрағасы Жеңіс Түркия, қоғам қайраткері Балташ Тұрсынбай, ғалым, ұстаз Күләш Ахмет қатарлы кісілер Сегіз серінің өнері мен өмірінен сыр шертіп, төрткүл дүниеден жиналған қазақ жастарына қазақ елінен рухани азық алып қайтуға, бір-бірімен достасып қайтуға шақырса, Солтүстік Қазақстан облысының өнерпаздары Сегіз серінің әндерінен тамылжыта салды.

Түркиядағы қазақ жастарының комадаларын бастап келген қандасымыз Арғынбек Өнер «Мен Түркия, Франция, Австрия, Дания қазақтарынан көп-көп сәлем алып келдім. Қабыл алыңыздар. Шетелде жүргеннен кейін Отанымыз - Қазақстан бізді шақырып,  қол сөзғаннан кейін елге қарай жүгіре келеміз ғой. Біз жастарға Қазақстан деген отанымыз, Еліміз бар дегеннен артық бақыт жоқ деп ойлаймын. Сондықтан Отанымыздың төрінде бәріміздің басымызды қосқандарыңызға көп-көп рақмет айтамын», деп ұйымдастырушыларға алғысын білдірді.

«ER JANIBEK CUP-2018» турнирін ұйымдастырған «Ер Жәнібек» халықаралы қоғамдық қорының төрағасы Жеңіс Түркия  «Солтүстік өңірден көптеген ұлы тұлғалар шыққан. Сәкендер шыққан, Қожаберген жырау, Сегіз серілер шыққан. Сегіз серінің 200 жылдығына орай  Әлемнің әр бұрышындағы қазақ жастарын бір-бірімен таныссын, Қазақ елімен, Қазақтың жерімен танысып, тәуелсіз азамат екендіктерін сезінсін деп жинадық. Осымен 4-шы жыл өткен турнирге Франция, Австрия, Дания, Италия, Түркия, Қытай, Ресей, Моңғолия, Иран, Өзбекстан және Қырғызстандағы этникалық қазақ жастары мен Қазақстанның қалалары мен облыстарынан жалпы 25 футбол командасы қатысты. Қазақтың әр облысынан шыққан әйгілі тұлғалар жетерлік, бұдан кейінгі жылдары өзге облыстардың әкімшіліктері бірге жұмыс жасаймыз десе басқа облыстарда да өткізіп, сол облыстарымыз бен тұлғаларымызды дүниежүзі қазақ жастарына таныстыруға дайынбыз. Бұл реткі өткен шараға қатысқан жастарда қазақ жерінің солтүстігімен танысып қайтса, Солтүстік жұрты да қазақ бауырларын көріп қуанып қалды», - деп шараның басты мақсатын айтып өтті.

Жарыс қорытындысы бойынша, І-орынды (1 000 000 теңге қаржылай жүлде) Алматы қаласынан «Сауыр» командасы, ІІ-орынды (500 000 теңге қаржылай жүлде)  «Бірлік Керуен» (Алматы), ІІІ-орынды (300 000 теңге қаржылай жүлде)  Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау Мемлекеттік Университеті, ал төртінші орынды (200 000 теңге қаржылай жүлде) петропавлдық «Динамо» командасы иемденді. Олардың ішінде, «Үздік шабуылшы» ретінде — Руслан Көпеев (Динамо, Петропавл), "Үздік қақпашы" — Мұхамадия Ахмадеев (Ш.Уәлиханов атындағы КМУ), "Үздік қорғаушы" — Еркін Нұржанов (Бірлік Керуен, Алматы), «Сұрмерген» (Бомбардир) үздігі ретінде — Қуаныш Советов (19-доп, Сауыр, Алматы) анықталды. Ал, «Астананың 20 жылдығы» номинациясы бойынша — Ыстамбұл, Түркия жеңіске жетсе, «Ұлттық рухты» — "FC Europe" командасы (Австрия, Вена) қанжығаға байлады.

Әлемнің әр елінен келген жастар Солтүстіктің көркем тәбиғатына қызығып, тіпті арасында «Қызылжарға көшіп келгім келеді» дегендері де табылды. «Ер Жәнібек» қоры ұйымдастырған турнирге осымен төртынші рет қатысықаны да, бірінші рет келіп отырғандар да бар екен. Осы 25 команданың бірі М. Қозыбаев атында Солтүстік Қазақстан универсиетінің Дайындық бөлімінде оқитын шетелден келген қазақ жастарынан құралыпты. Дайындық бөлімдегі Моңғолия мен ҚХР-нан келген студенттер турнирдің екінші күні жоғарғы оқу орына түсу үшін емтихан тапсырып жатты. Бұл команданың жігіттері аталған универитетке оқуға түсіп, осы қалада қалып, ата-ана, туыс-туғандарын көшіріп әкелмек ниеттері барын жеткізді.

Шетелден келген біраз жастар қуанышты көңіл күйлерін білдіріп, өз ой пікірлерін айтып жатты. Соның бірі даниялық бауырымз Амир Егімбет «Бұл турнирге бірінші рет қатысып отырмын. Қазақстанға бұған дейін үш рет келгенмін. Турнир маған қатты ұнады. Басқа елдерден келген достарымызбен танысып жатырмыз. Венадан келген 4 баламен бірге екі даниялық жігіт Еуропа командасы ретінде қатысып отырмыз. Данияда 8,9 отбасы қазақ бармыз. Айт мерекелерінде, той-томалақта бас қосып тұрамыз. Отбасымызда ата-анамыз басқа тілде сөйлеуге жол бермейді, сондықтан бізге басқа қазақ балаларымен сөйлесуге ешқандай қиындық тумайды. Қазір Данияда студентпін, Қазақстанға келсем оқуымды бітіргеннен кейін келетін шығармын» - десе, Австрияның Вена қаласынан келген Ержұма атты жігіт «Біз Ауропа командасы ретінде қатысып отырмыз. Венадан 4 бала келдік. Мұнда қазақ қандастарымызбен басымыз қосылып қуанып жатырмыз. Осындай шаралардың болғаны бізге өте қажет. Астана, Петропавл қалалары өте ұнап жатыр. Осы шараны ұйымдастырған «Ер Жәнібек» қорына рақмет!» деген алғысын жеткізді.

Ираннан көшіп келіп Алматы облысында тұрып жатқан қандасымыз Жанпейіс Резо «Біз бұл жарысқа осымен 3- рет қатысып отырмыз. Ресейдің бір қаласында қазақ бар ма десем? Бұл  жолы 4 қаласында қазақ барын білдім, Австрияда қазақтар тұратынын білдім. Сол сияқты қатысқан сайын көптеген дос тауып кетеміз. Бәріміз қазақ болған соң бір-бірімізбен тез тіл табысып жатамыз. Осы орайда басымызды қосып жатқан «Ер Жәнібек» қорына рақметімді айтқым келеді. Солтүстік Қазақстанға келіп, тәбиғатын көріп қуанып қалдық. Жылда келіп тұрсам, мүмкін болса осы жерге көшіп келсем деген ойым бар. Мұнда қазақтар аз тұрады екен. Біз Қазақстанға Ираннан 20 мыңдай қазақ көшіп келгенбіз. Келген 20 мың қазақ өсіп, 100 мың қазаққа жеттік. Бізде ерте үйленеді. Мұндағы достарымның кейбірінің 3,4 баласы бар. Мен де өткен аптада үйлендім. Тойымды өткізе сала, Қызылжарға келіп тұрмын. Болашақта осы қаланың тұрғыны болып, осында өсіп-өнсек деген ниетім бар», - деп ақтарылды.

Резоның  осы сөзі қазағын күтіп жатқан кең байтақ даланың шетіне орналасқан, көршіміз кигізген ескі шекпенін әлі шешпей Петропавл аталып жүрген қалаға дүниежүзі қазақ жастарының басын қосудағы мақсаттың орындалғанын білдірсе керек. Дүйім жұртты жинаған жиналыстың түйіні де осы болмақ.

Jebeu.kz

“The Qazaq Times”