Гүлнара Кәрімованың адвокаты Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиеевпен кездеспек – деп хабарлайды «centralasian.org» ақпарат агенттігі.
Агенттік мәліметінше, экс-президент Ислам Кәрімовтың қызы Гүлнара Кәрімованың швейцариялық адвокаты Грегуар Манжа Ташкент қаласына ұшып келген. Алдын ала болжам бойынша, Манжа бұл жолғы сапарынада 2015 жылдан бері қамауда отырған Гүлнара Кәрімовамен кездесіп, оның жағдайын білмек. Бұдан бөлек швейцариялық заңгер Өзбекстан Бас прокуратурасынан ел президенті Шавкат Мирзиеевпен кездесу ұйымдастыруды сұрамақ.
Грегуар Манжаның сөзінше, қазіргі таңда Гүлнара Кәрімова Ташкенттен үш сағаттық жерде орналасқан түрмеде қамауда отыр. Оның жағдайы билік басына Шавкат Мирзиеевтың келуімен сәл де болса жақсарған. Бірақ Кәрімованың ісі мен жағдайы Мирзиеевке тікелей байланысты. Себебі оған қатысты қылмыстық істе әлі ашылмаған белгісіз дүниелер өте көп.
Естеріңізге салайық, Гүлнара Кәрімованы 2015 жылы Ташкент қалалық соты 5 жылға бас бостандығынан айырған. Оған «мемлекет мүлкін талан-таражға салды», «қызметін асыра пайдаланды», «аса ірі көлемде пара алды және қаржы бопсалады» - деген айыптар тағылған. Кейіннен 2017 жылдың маусым айында Өзбекстан Бас прокуратурасы Гүлнара Кәрімова ісіне қатысты тың деректерді көпшілік назарына ұсынған. Онда экс-президент қызының үстінен жаңа қылмыстық іс қозғалғандығы жөнінде айтылған.