10 маусым күні Қытайда өткен ШЫҰ саммитінің маңызды нәтижелерінің бірі ретінде — Пәкістан мен Ауғанстан арасында жасалған келісімшарт болып табылады, деп хабарлайды Ауғанстан президентінің баспасөз қызметі. Аталған келісімшарт аясында Ауғанстан мен Пәкістан екі елдің шекарасында үйлестіруші орталықтарын құруға, осы арқылы заңсыз саналатын қарулы құрылымдар туралы бір-бірін хабардар етіп отыруға келіскен. Бұл туралы «hurriyet.com.tr» агенттігі де хабарлайды.
Осы келісімшарт жасалғаннан кейін екі елдің бас қолбасшылары Равалпинди қаласында (Пәкістан) кездесіп, қауіпсіздік саласындағы маңызды мәселелерді талқылады. Естеріңізге сала кетсек, Пәкістан ШЫҰ-ның толық құқықты мүшесі болып табылады. Ал, Ауғанстан осы ұйымның бақылаушы-ел мәртебесіне ие. Осының арқасында Ауғанстан президенті Ашраф Гани ұйымның көптеген шараларына белсенді қатысып жүр. Енді бұдан былай жаңадан құрылған үйлестіруші орталықтар Ауғанстан мен Пәкістан шекарасындағы басты кедендік-бақылау нысандары болып табылатын Торкхаме және Чаманда құрылмақ. Қол қойылған келісімшарттар аясында Пәкістан армиясының басшысы Камар Джабед Баджва президент Ашраф Ганидың шақыртуымен Ауғанстанға ресми сапармен барады.