Күні кеше, яғни 31 мамырда АҚШ президенті Дональд Трамп Канада, Мексика және Еуропа одағы елдері үшін болат пен алюминийге 10% және 25% көлемінде баж салығын енгізуге шешім қабылдағаны туралы жазғанбыз. Ақ үй басшысы көптен бері көтеріп келе жатқан осы шешімін, кешіктірсе де ақыры қабылдады. Әрине, бұған ешқандай елдің қол шапаттап, қуанбасы анық. Ендеше, Еуродақ елдерінің саясаткерлері бұдан қандай қорытынды шығаруда?
Мәселен, Германияның Экономика істері жөніндегі министрі Петер Альтмайер "Еуродақтан шығарылатын болат пен алюминийге енгізілген салықтан ең алдымен АҚШ-тың өзі бастап зарар көреді", - деп санайды . Бұл туралы ол кеше, 31 мамыр күні германиялық телеарнаға берген сұхбатында айтты. Оның айтуынша, осындай «жазалау» салығы «ұлттық экономикаға едәуір зиян әкеледі» және алдымен АҚШ-тың өзінің саясатына кері әсер етеді. Сонымен қатар, саясаткер Вашингтонның бұл шешімі Дүниежүзілік Сауда Ұйымының ережелеріне үйлеспейді деп есептейді.
Айтай кетейік, Трамп қабылдаған салық түрлері бүгіннен, яғни 1-маусым, сағат түнгі 00:00-ден бастап күшіне енді.
Ал, осы орайда Франция президенті Эммануэль Макрон не дейді? Француз басшысы да Трамптың шешіміне наразы. Мәселен, ол: «Ақ үй қабылдаған баж салығы заңсыз әрі үлкен қателік болып табылады, сонымен қатар ол халықаралық тепе-теңдікті бұзады», - деп мәлімдеді. Бұл туралы франциялық «Le Figaro» басылымында жарияланды. Кеше, 31 мамыр күні Макрон америкалық әріптесі Дональд Трамппен телефон арқылы келіссөз жүргізген еді. Онда ол Трамптың болат пен алюминийге баж салығын енгізуі заңсыз әрі қателік деп баға берді. Францияның экс-министрі (экономика) ЕО Вашингтонның осы әрекетіне «қатаң әрі лайықты» жауабын беретінін де айтып қалды. «Мен, АҚШ-тың ЕО елдері үшін болат пен алюминийге қатысты бүгін қабылдаған шешіміне өкінішімді білдіремін. Мен, бұл шешім заңсыз болумен қатар, барлық жағынан қателікке толы деп санаймын. Ол экономикалық ұлтшылдық арқылы халықаралық тепе-теңдікті бұзды. Ал экономикалық ұлтшылдық — бұл соғыс», - деді ол.
Германия, Франция елдерінен бөлек, Бельгияның СІМ басшысы Дидье Рейндерс те Еуродақ елдерін Бірлескен Штаттардың аталған шешіміне қатысты жауапсыз қалмауға шақырды. «Мен АҚШ-тың қолдампаздық шешім қабылдағанына өте өкініштімін», - деп жазды ол өзінің «Twitter» әлеуметтік желісіндегі жеке парақшасында.
Ал, Еурокомиссия басшысы Жан-Клод Юнкер Еуродақтың бұл мәселеге міндетті түрде жауап беретінін мәлімдеді.