Алматы облысындағы Шеңгелді және Қырғауылды ауылдарының аумағында археологиялық қазба жұмыстары жалғасып жатыр. Оған жергілікті бюджеттен 17 млн теңге бөлініпті. Ғалымдар көне қалаларды қазып, құнды бұйымдарды іздестіруде. Экспедицияға 5 мыңнан аса адам жұмылыпты. Алайда облыс әкімдігі таратқан осы хабарламада Малайсары асуындағы таңбалы тастар туралы бірде-бір мәлімет жоқ. Соған қарағанда өңір басшылығы талқандалып жатқан қыш тастарды әлі қорғауға алмаған сынды.
Малайсары сілемдеріндегі таңбалы тастар туралы ақпарат өткен жылдың жазында жазыла бастады. Қазір ол аумақта тас өңдейтін кәсіпорын жұмыс істейді. Сол компанияның қызметкерлері қыраттағы тасқа қашап салынған суреттерді ойып-опырып, әлі де әкетіп жатқан көрінеді. Ауыл белсенділері бұл жұмыс қарқын алар болса, құнды жәдігерлерден жақында айырылып қаламыз деп ұлардай шуласқан еді. Осыдан кейін, облыс әкімдігі петроглифтер салынған аумақты көп ұзамай қоршауға алып, ғалымдар тобын аттандырамыз деп уәде берген. Алайда сол уақыттан бері еш нәрсе өзгермеген.

Малайсары петроглифтері. Фото: inform.kz

Алексей Марьяшев, археолог. Фото: arheology.kz
Малайсарыда петроглифтердің барын алғаш болып аймақ журналистері жария қылған. Кейін, танымал археолог Алексей Марьяшев таңбалы тастар тұрған орынға барып, шағын зерттеу жүргізді. Нәтижесінде, Арқарлы мен Малайсары сілемдерінде 20-ға жуық осындай тастың барын анықтап, ондағы суреттер қола және темір дәуірлерінде салынған деп болжады. Маман бұл аумақты әлі де тереңірек зерттеу қажет деп, шағын экспедиция тобын құрмақ болған. Алайда көп ұзамай өмірден озып кетті. Осыдан кейін, петроглифтер салынған орынға ешбір археолог барып көрмеді.
Малайсарыдағы петроглифтерге ел үкіметі мойын бұрмаса, құнды жәдігерлер жақында жойылып тынады. Бұл - отандық тарихқа жасалған үлкен қиянат болар еді. Сондықтан жауапты мекемелер осы мәселені назардан тыс қалдырмаса игі еді...


















Ирандағы қантөгіс пен сыртқы қысым: Трамптың екіұшты сигналы
Конституция тағы өзгермек: реформа ма, әлде билікті қайта құрастыру ма?
АҚШ «тасадағы флотқа» тосқауыл қойды: Olina танкері және теңіздегі жаңа санкциялық соғыс
Атыраудағы жұмбақ жоғалу мен адам өлімі: із-түзсіз артылған отбасы, полиция тергеуі және қоғам реакциясы
Айзат Жұманованың өлімі: бүгін үкім оқылды, айыпталушы 14 жылға сотталды
Украина соғыс жағдайындағы басқару моделін қайта қалыптастыруда: Буданов президент кеңсесіне келді