Ресей үкіметі АҚШ президенті Трамптың Солтүстік Корея басшысымен кездесуді күшінен қалдыру туралы шешімін сынға алды. Сонымен бірге, Ресей мен Қытай алдағы уақытта Корей түбегі мәселесіне оң ықпал ететінін айтты. Ресейлік БАҚ-тың хабарына қарағанда, келесі аптада Ресейдің СІМ басшысы Сергей Лавров Солтүстік Кореяға сапарлай бармақ.
Кеше, Петерборда өткен Ресей мен Франция басшыларының баспасөз мәслихатында президент Путин, Ресей тарабының Трамп-Ким келіссөзінің жойылғанына өкініш білдіретінін, себебі барлық тарап Корей түбегінің ядролық қарусыздануы АҚШ-КХДР саммитінен бастау алады деп қарағанын алға тартты. Путин сөзінде: «Біз АҚШ пен КХДР арасындағы келіссөздің қалпына келтірілуін, тұрақты түрде саммит өтуін үміт етеміз. Себебі, диалог пен келіссөз болмайынша, Корей түбегінің ядролық қарусыздануы болмайды», – деді. Ол және барлық тарапты АҚШ пен Солтүстік Кореяны жақындастыруға әрекет етуге шақырды.
Франция президенті Эммануэль Макронмен бірге өткізген баспасөз жиынында Путин Ким Жоң Унның шешімдерін қолдайтынын білдірді. Ол Ким Жоң Унның АҚШ-пен келіссөз үшін ядролық полигонды жабуды қамтыған уәделерін толық орындағанын, алайда осы әрекеттерінің жауабы ретінде келіссөздің күшінен қалғанын алға тартты.
Франция президенті болса, қалайда Солтүстік Кореяның ядролық қарусыздану процесін жалғасын табуы керек екенін айтты. Ол Қытайдың Корей түбегі мәселесін шешуге араласуы орынды деп бағалаған.
Ресей лауазымдыларының пікіріне қарағанда, Солтүстік Корея дауы әлі де ұзаққа созылуы мүмкін, сондықтан АҚШ президентінің келіссөзден бас тартуы, жақындағы Оңтүстік-Солтүстік Корея басшыларының кездесу келісімдерінің нәтижесін нөлге теңестірді деп қарайды. Алайда, бұл үрдіс Ресей мен Қытайдың түбектегі дипломатиялық қадамдарын дамытуға мүмкіндік бергенін де айтады.
Ресей осыдан он неше жыл бұрын Солтүстік Кореяның ядролық қаруды дамыту ісі Қиыр-шығысқа қатер төндіруінен алаңдап, көптеген ескертулерді жасап келген. Бірақ, жүре келе Ресейдің Солтүстік Кореяға қаратқан ескертулерінің дауысы бәсеңдей берді. Себебі, Солтүстік Кореяның қадамдары АҚШ-қа бағытталғаны анық бола бастаған. Бұл тұста Ресей өзіне қауіп төнбейтін болған соң да Ким әулетінің режиміне тоқтау айтпады.
Дегенмен, қазіргі жағдайға қарата кейбір сарапшылар, Ресейдің Солтүстік Корея режиміне жақындасуы өзіне үлкен тиімсіздіктерді алып келеді деп қарайды. Себебі, халықаралық қауымдастықта Ресейдің қазіргі имиджі айтарлықтай мақтауға тұрмайды. Ал, дара билеуші саналатын Ким режимімен жақындасу Ресейге деген қысымды еселеп арттыруы мүмкін.