Әзірге Алматыда жолайрық салынатын орынды сатып алатын ақша жоқ. Бұл туралы қалалық жер қатынастары басқармасы басшысының орынбасары Ардақ Самамбетов мәлімдеді. Оның айтуынша, биылғы жылы 79 жер телімі иесіне 2 млрд теңге көлемінде өтемақы берілуі тиіс еді. Алайда республикалық бюджеттен қажетті қаражат әлі бөлінбепті. Сондықтан олар тұрғындарға өтемақы төлей алмай отыр екен.
"Біз осы жылы республикалық бюджетке тиісті бюджеттік ұсыныс жасаған болатынбыз. Алайда республикалық бюджеттік комиссияның шешімі бойынша, бізге қажетті ақша берілген жоқ. Сондықтан өтемақы тұрғындарға төленбеді. Алайда біз ол сұрақты бақылауда ұстап отырмыз. Биыл тағы да тиісті бюджеттік ұсыныс беріледі. Тұрғындарға өтемақыны осы жылы төлей алмасақ, келесі жылы беруге тырысамыз!"
Өткен жылы қала билігі жолайрық құрылысына қажетті 28 жер телімін сатып алыпты. Ол үшін мемлекеттік қазынадан 1,9 млрд теңге бөлінген екен. Жоспар бойынша, әлі 200-ден аса үй сүрілу керек. Жолайрық құрылысын Алматы әкімдігі 2019 жылы аяқтаймыз деген. Алайда қаржы бөлу мәселесі тап осылай сиырқұйымшақтана берсе, онда уәде етілген магистраль уақытылы салынбайтын сынды.
Тұрғындар өтірік айтады
Қалалық жер қатынастары басқармасы басшысының орынбасары Ардақ Самамбетов үйлері сүрілетін тұрғындар журналистерге жалған ақпарат берген дейді. Сөзінше, әкімдік тарапынан телім иелеріне үйлеріңді жақын арада босатыңдар деген тапсырма берілмепті. Олар қажетті қаржы бөлінбейінше, ондай ескерту жасай алмаймыз дегенді айтты. Сондықтан бар айыпты тұрғындардың өзідеріне артып отыр:
"Ондай хабарлама болған жоқ. Өйткені, осындай хабарлама берілу үшін тиісті бюджеттік ұсыныс қанағаттандырылуы керек. Ақша түспейінше, біз ондай хабарлама бере алмаймыз"
Алматыда үйлері сүрілетін тұрғындарға өтемақы берілмей жатқанын кеше хабарлаған едік. Әкімдік уәде еткен соң, ондағы жұрт дүние-мүлкін буып-түйіп, басқа орыннан баспана қарастырып та қойған. Қожайындарымен келісіп, алдын ала кепілақы төлеп үлгеріпті. Тіпті араларында 1 млн теңге бергендері де бар екен. Бірақ әкімдік өтемақыны кешіктірген соң, әлгі қожайындары үйді басқа адамдарға сатып жіберіпті.